Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Өскеменді тұмшалаған түтін: Экологтар дабыл қақты

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
15 Тамыз 2025, 18:48
541
Бөлісу:
 жасанды интеллект/ BAQ.KZ
Фото: жасанды интеллект/ BAQ.KZ

Өскеменде ауаның ластануы қағаз жүзінде азайып жатқанымен, қала тұрғындары таңертең түтін иісі мен тұманнан құтыла отыр. Экологтардың айтуынша, ресми мәліметтер шынайы жағдайды толық көрсетпейді, ал нақты ластану деңгейі әлдеқайда жоғары болуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ресми есептер мен күмәнді деректер

Шығыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының дерегінше, соңғы бес жылда қаладағы жалпы шығарындылар көлемі 54,5 мың тоннадан 49,6 мың тоннаға дейін, яғни шамамен 9%-ға азайған. Бұл – өндіріс орындарындағы заманауи сүзгілердің орнатылуы мен тазалау құрылғыларының жаңартылуының арқасы деп түсіндіріледі.

Мәселен, Өскемен ЖЭО-да түтіндегі азот оксидтерін екі есе төмендету жобасы іске асқан. "Қазмырыш" кәсіпорнында күкірт қышқылы зауытының қалдық газдарын қосымша тазалау қондырғысы салынып жатыр. Сонымен қатар, 2024-2026 жылдарға арналған экологиялық ахуалды жақсарту жол картасы қабылданған.

Қазір қалада "Қазгидрометтің" он бекеті жұмыс істейді: бесеуі автоматты, бесеуі қолмен өлшейді, қосымша мобильді зертхана да бар. Деректер AirKZ қосымшасында қолжетімді.

Алайда тәуелсіз эколог Дәулет Асанов бұл көрсеткіштерге сенуге болмайтынын айтады. Оның сөзінше, статистикаға тек өнеркәсіп орындарының өздері берген есептер ғана кіреді, ал жеке сектор мен автокөліктің шығарындылары есепке алынбайды.

Жыл сайын жеке үйлер мен ЖЭО-да жағылатын көмір көлемі артып отыр, сондықтан шығарындылардың азаюы мүмкін емес, – дейді ол.

Тәуелсіз мониторингтің жоқтығы

Асановтың айтуынша, автоматты датчиктер орнатылғаннан кейін РМ2,5, РМ10 сияқты зиянды бөлшектердің және күкірт диоксидінің көрсеткіштері "қатып" қалды – орташа 1 мкг/м³ деңгейінде. Бұл деректер бойынша қала ауасы "таза" болып шығады, бірақ тұрғындар мүлде басқа жағдайды көреді.

Сонымен қатар ауыр металдар мен бенз(а)пирен сияқты қауіпті қосылыстар тек зертханалық талдауда анықталады. Ал мобильді зертханалар заманауи жабдықталмағандықтан, жедел өлшеу мүмкіндігі шектеулі.

Табиғи факторлар мен денсаулыққа қауіп

Өскемен Алтай тауларының аңғарында орналасқандықтан, ауа алмасуы қиын. Әсіресе штиль кезінде және температуралық инверсияда ластаушы заттар төменгі қабатта жиналып қалады. Мұндайда тіпті рұқсат етілген көлемнің өзі қауіпті деңгейге жетуі мүмкін.

Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде тамақтың қышуы, жөтел, бас ауруы сияқты белгілерге жиі шағымданады. 2025 жылы мамырда титано-магний комбинатындағы апат салдарынан кей мектептер онлайн оқуға көшті, алайда ресми замерлер шекті мөлшерден асу фактісін тіркемеді.

Газдандыру тоқтап тұр, көмір тұтыну артып келеді

Экологтың айтуынша, 2008 жылдан бері Өскемен ЖЭО көмір жағу көлемін 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтқан, ал үй шаруашылықтары жылына тағы 150-170 мың тонна көмір жағады. Аймақтағы газдандыру жобалары тоқтап тұр: магистральді газ құбырының да, техникалық-экономикалық негіздеменің де жоспары жоқ.

Сонымен қатар ЖЭО-2 салу және қосымша қазандық орнату жоспарланып отыр. Бұл жылына тағы 1,8-2,3 млн тонна көмір жағу деген сөз.

Мұндай жоспарлар халықтың денсаулығына немқұрайлы қараудың белгісі. Қағаз жүзінде шығарындылар азаюы мүмкін, бірақ қалада қыста да, жазда да дем алу қиын, – дейді Асанов.

Ресми есептер қаладағы экологиялық ахуал жақсарып жатқанын көрсетсе де, тәуелсіз деректер мен тұрғындардың пікірі мүлде басқа суретті бейнелейді. Егер жағдай өзгермесе, экологтардың айтуынша, Өскемен ондаған жыл бойы түтін құрсауында қала береді.

Бұған дейін Экология министрлігі Өскеменнің ауасы туралы күтпеген қорытынды жасаған болатын. Өскемен қаласы 2025 жылғы мамырда да қоғам назарында болған еді – ТМК (Түсті металлургия комбинаты) аумағында жоспардан тыс тазалау кезінде зиянды заттар ауаға таралған. Соғра ықшамауданындағы мектептер оқушыларын қашықтан оқуға жіберген. Алайда шекті рұқсат етілген концентрациялардан (ШРЕК) асу дерегі тіркелмеген.

Өзгелердің жаңалығы