Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Енді мешітке келген жамағат өз еріктерімен індетке қарсы вакцина қабылдай алады.
Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Қанат Турдиев орталық мешіттің бас имамымен кездесіп, екі жақ өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Бас имам қасиетті Рамазан айында ауыз бекіткен мұсылман қауымға вакцина алу оразаны бұзбайтындығын айтты.
Меморандумның мақсаты – екі жақ бірлесе отырып, елдегі індеттің таралуының алдын алу. Еліміздің тағдыры, өмірі баршамызға ортақ. Денсаулық – Алланың адамзатқа берген аманаты. Сондықтан біз өзіміздің денсаулығымыз үшін, жақындарымыз үшін вакцина алуымыз керек. Енді осыдан былай мешітте арнайы вакцинациялау пункттері жұмыс істейтін болады. Кейбір ораза ұстаған жамағат «вакцина алу оразаны бұзбай ма?» деп сұрайды. Жоқ, бұзбайды. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының талқылауымен ораза ұстаған адам вакцина алуына болады деген шешім қабылданды. Шариғатта вакцинаның оразаға еш кедергісі жоқ. Сондықтан денсаулығымызды басты орынға қоя отырып, барлық жамағатты індетке қарсы вакцина алуға шақырамын, - дейді «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай.
Қанат Турдиев облыстағы коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал туралы қысқаша айтып, бүгінде 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 1713,2-ні құрағанын атап өтті.
Сондай-ақ облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қаулыда көрсетілген діни бірлестіктер объектілерінің (мешіттер, шіркеулер, соборлар, синагогалар және т.б.) қызметі қойылған талаптар туралы айтты.
Меморандум КВИ профилактикасын жетілдіру бойынша үздік нәтижелерге қол жеткізу және күшейту үшін мешіттің мүмкіндіктері мен ресурстарын барынша пайдалануға бағытталған. Қазір қоғамда мешіттің рөлі зор. Себебі жастар осында жиі келеді. Соны ескере отырып, елімізде бірінші болып мешітте вакцинациялау пункттерін ашуды жөн көрдік, - деді Қанат Турдиев.
Кездесу барысында ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды қасиетті Рамазан мерекесімен құттықтады. Барлық шектеу шарасын сақтауды ұсынды. Сондай-ақ ауызашарды тек бір отбасы мүшелерінің шағын ортасында өткізуге рұқсат етілетінін еске салды.