ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт 9 мамыр күні қаладағы Металлургтер көшесінде орналасқан тұрғын үйдің екінші қабатынан шыққан, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Түтін тұмшалаған подъезден 15 тұрғын сыртқа өз бетінше шыққан. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келіп жеткенде қызыл жалын пәтер ішіндегі жиһаз бен жеке заттарды шарпып үлгерген.
Жылдам әрекет еткен №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері іштегі ана мен баласын құтқарып қалды. Сондай-ақ бөлмелердің бірінен газ баллонын шығарып үлгерді. Тілсіз жаудың шығуына электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау себеп болуы мүмкін, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, өртті сөндіруге барлығы 4 техника мен жеке құрамнан 15 адам жұмылдырылды.