Өскеменде көлік тұрғын үйдің кіреберіс шатырын бұзып кетті. Оқиға Гагарин бульварындағы аулалардың бірінде болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тұрғындары жантүршігерлік дауысты естіп көшеге жүгірген. Бұл туралы Altaynews жазды.
«Түнде қатты дыбыстан оянып, терезеден қарасам, Subaru Forester көлігі тұр. Көліктен шамамен 28 жастағы қыз бен жігіт түсті, біраз уақыттан кейін тағы бір қыз түсті. Мен жедел жәрдем шақырдым. Оның орнына бірнеше полиция отряды мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келді. Кейінірек эвакуатор келіп, көлікті алып кетті», - дейді үй тұрғындары.
Кейбір тұрғындар үй қозғалғанда жер сілкінісі болды деп ойлап, көшеге жүгіргенін айтады.
Оқиға салдарынан кіреберіс шатыр құлап, тұрғындар құтқарушылар келгенше сыртқа шыға алмай қалған.
«Оқиға орнына жеткен ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері гидравликалық құралдың көмегімен құлаған кіреберіс шатырды дұрыстады», - деп хабарлады ШҚО ТЖД.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты жүргізушінің рөлде ұйықтап кетуінен орын алған.
«Subaru Forester көлігінің 35 жастағы жүргізушісі көлік жүргізіп келе жатып ұйықтап кетіп, тұрғын үйге соғылған», - делінген ШҚО ПД таратқан хабарламада.
Зардап шеккендер жоқ. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.