Облыс орталығында "Жастарға жұмыс" жобасы аясында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Шараны "AMANAT" партиясы жанындағы "Жастар Рухы" Жастар қанатының ШҚОФ ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шара жастарды, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз азаматтарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту мақсатында ұйымдастырылды.
Үлбі металлургиялық зауыты, Өскемен титан-магний комбинаты, Қазпошта, «Восток молоко» және басқа да ірі кәсіпорындар 200-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды.
Қазіргі күні мұғалімдер, тіл мамандары, техникалық мамандар, атап айтқанда сантехник, монтер сияқты мамандар сұранысқа ие болып отыр, - дейді "AMANAT" партиясы жанындағы "Жастар Рухы" Жастар қанатының төрағасы Қорлан Туғамбаева.
Жәрмеңкеде барлығы 20 адам жұмысқа орналасып, тағы 50 адам одан әрі сұхбаттасуға жолдама алды.