Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашынов отырыста Өскемен қаласындағы экологиялық мәселелерге қатысты сұрақты Энергетика министрлігіне қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат сөзінше, аймақтағы ауа сапасының нашарлауы, әсіресе жылыту маусымында, тұрғындардың денсаулығына қауіп тудырып отыр. Қаладағы негізгі ластаушы көздер – көмірмен жұмыс істейтін жылу көздері мен жеке сектордағы пештер.
Ал Энергетика министрлігінің Вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Солтүстік Қазақстан мен Солтүстік Шығыс Қазақстан өңірлерін газдандырудың екі шешімі бар екенін айтты.
Біреуі Қазақстан мен Қытай арасындағы келіссөздер арасында құбырды біздің ел арқылы тарту туралы сөз болған. Алайда бүгінде құбыр Моңғолия арқылы тартылатын болды. Министрлік әлі келіссөз жүргізу үстінде, - деді ол.
Сондай-ақ екінші шешім ретінде Ресей тарапымен 2027 жылдан бастап белгілі бір жоба іске асырылатыны туралы айтты.
2027 жылдан бастап 2030 жылға дейін «Ишим Астана» деген жобаны жүзеге асырамыз. Солтүстікті газдандырып алған соң, Шығыстағы мәселені шешуге назар аударамыз, - деді вице-министр.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевқа Өскемен қаласындағы экологиялық ахуалға байланысты сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, өңірдегі экологиялық жағдай күрделі күйде қалып отыр. Салдарынан балалар мектепке бара алмай, қашықтан оқуға мәжбүр.