Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхана қызметкерлері көшпелі кітап көрмесін ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алтайньюстің мәліметінше, көрменің ерекшелігі – оқырмандар кітапты сөредегі QR кодтарды сканерлеу арқылы оқиды. Сөрелерге Абай Құнанбайұлының кітаптары, балаларға арналған шығармалар, әртүрлі тақырыптағы шетел жазушыларының еңбектері қойылған.
Кітапханаға жолымыз түсе бермейді. Бірімізде – жұмыс, бірімізде – оқу дегендей... Ал бос уақыт бола қалса, бала-шағамызды ертіп, көшеге серуенге шығамыз. Осындай кезде алдыңнан кітаптар күтіп тұрғаны керемет екен. Әсіресе балаларға арналған туындылар қызықтырды. Алдағы уақытта кітапханаға барып тұруды әдетке айналдырсақ деген ойдамыз, – дейді Ләззат есімді қала тұрғыны.
Кітапханашылар QR кітап көрмесін енді әр апта сайын қаладағы саябақтарда ұйымдастырады.