Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Өскеменде барлық ит тұқымы түрлерінің ұлттық көрмесі (САС) өткізілді. Қазақстан кинологтарының облыстық бөлімшесі ұйымдастырған шараға Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарынан келген бас-аяғы 119 ит қатысты. Ал Алматы қаласынан арнайы шақыртылған сарапшы төрт аяқты достың тұрқына, түгінің қалыңдығы мен сапасына, тіпті тісінің түсіне дейін жіті қарап, баға берді.
Бізде құжаты ресімделген иттер көп
- Біздің өңірде құжаттары бар қазақ тазысы басқа өңірлерге қарағанда көп тіркелген. Осы себепті бұл көрмеге көрші өңірлерден қатысушылар жиі тартылуда. Өйткені мұндай көрмелер арқылы олар өз иттеріне таңба соқтырып, шежіре қалыптастырады. Бұл көрме биылғы жылы ұйымдастырылып отырған алғашқы көрме, яғни маусымның басталуы, - дейді Қазақстан кинологтары ШҚО филиалының жетекшісі Елена Хардина.
(Жеңімпаздар: неміс шпиці, мопс, бультерьер және шығыс еуропалық овчаркасы
Шығыс Қазақстанда кинология саласының жақсы дамығанын айтқан ол тек осы жүйеде ғана Өскемен қаласында жылына тоғыз шақты көрме өткізілетінін алға тартты. Осының арқасында қатысушылар бір қаланың шеңберінен шықпай-ақ ел чемпионы атана алатын көрінеді.
- Қала аумағынан шықпай-ақ Қазақстан бойынша барлық жетістіктерді алуға болады. Аталмыш көрмеге Павлодар, Семей, Риддер қалаларынан қатысушылар келіп отыр. Біздің көрме қашан да жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Мұнда әкелінетін иттер барлық жағынан сапалы, мықты бәсекелестер. Оның үстіне оларға лайықты бағасын беретін білікті сарапшыларды да шақырып отырамыз. Мысалы бұл жолғы көрмеге біз Алматыдан арнайы CKK-FCI сарапшысы Ольга Гуржееваны шақырдық. Жүлде қорымыз да айтарлықтай. Кубокқа қоса бағалы сыйлықтар да бірге берілетіндіктен қатысушыларымыздың көбісі қолдарындағы үй жануарларына лайықты жүлдесін алуға келеді. Олар бір-бірімен танысып, ит тұқымын жақсарту бағытындағы пікірлерімен алмасып, тәжірибе жинақтайды.
Көрме өткен сайын сапа жақсаруда
(Күшіктер арасындағы жеңімпаздар: мопс, такса және шпиц)
Ит тұқымы көрме өткен сайын жақсарып келе жатқанын айтқан Елена Хардина жыл сайынғы көрмеде иттің осы өңір тұрғындарына белгісіз түрлерінің көбейіп келе жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, облыс орталығында ит тұқымын асылдандырудың жақсарғаны соншалық, күшіктерді Франция, Италия, Канада мен АҚШ елдерінің азаматтары тапсырыс беріп, сатып алатын көрінеді.
- Көрмені бірінші кезекте Қазақстан кинологтарының облыстық филиалы, яғни өзіміз қаржыландырамыз. Мен сыйлықты өз таңдауым бойынша сатып аламын. Әрине, қомақты сыйлық болмаса да кинологтарға бірінші кезекте қажетті заттар сатып алуға тырысамыз. Мысалы биыл отыз шақты термос сатып алдым. Сондай-ақ иттің тамағын "Pedigree" компаниясы беріп отыр, - деп қосты Елена Витальевна.
Басты мақсат - шежіре қалыптастыру
(Ерлан Абильдинов „Аққыз„ есімді тазысымен)
Павлодар өңірінен «Аққыз» атты тазысын алып Шығысқа жол тартқан Ерлан Абильдинов бұл көрмеден итіне лайықты жүлдесін алып, құлағына ен соқтырып алғанын айтады.
- Бүгінгі көрмеге келудегі басты мақсатым - тазыма шежіре қалыптастырту. Итім таза қанды қазақ тазысы. Сарапшы маман өзіне лайық марапатын беріп, «өте жақсы» деген баға қойды. Енді оған құжаттарын жасатып алсам деп ойлаймын. Екі-үш рет осындай көрмеге қатыссам, мұндай шежіре өзінен-өзі қалыптасатыны белгілі, - дейді Ерлан.
Қолындағы тазының енесіне кезінде шежіре қалыптастырылмай қалғанын айтқан ол зая кеткен уақыттың есесін толтыру үшін Шығыс Қазақстанға бұйыртса тағы да бірнеше рет атбасын бұратынын айтты.
***
(Төбеттер арасындағы үздігі)
Сегіз топта өткен байқауға қатысушылардың ішінде ең көбі сібір хаскиі (21 ит) және неміс овчаркалары (11 ит) болды. Сонымен қатар негізгі құрамаға кірмеген 4 қазақы төбет пен 5 тазы қатысты.
(Сайысқа түскен қазақтың құмай тазылары)
Сондай-ақ бұл көрмеге қолсөмкеге сыйып кететін чихуахуэнодан бастап жапондық императорлар сарайында өсірілген акита, қызметтік бағытта «тәрбиеленген» неміс цвергшнауцері, ағылшын корольдерінің ойыншығы саналған кавалер-кинг-чарльз-спаниель де болды.
(Сарапшы сайысқа түскен иттерді жіті зерделеді)
Конкурс қорытындысы бойынша сегіз топтың ең үздігі болып неміс шпиці анықталды. Екінші орынды мопс, үшінші орынды стаффордширлік бультерьер, ал төртінші орынды шығыс еуропалық овчарка иеленді. Бұдан бөлек, күшіктер сайысында шпиц, мопс және такса тұқымды иттердің күшіктері үздік болып танылды.
(Байқаудың басты жеңімпазы — неміс шпиці)
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фото: автор және Светлана Тертышникова