Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында Қарақат Әбденді ҚР президенттігіне үміткер ретінде тіркеу мәселесі қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясы президенттікке кандидатты ҚР Сайлау туралы Конституциялық заңның 5-бабы 59-тармағына сәйкес құжаттар болған кезде тіркейді. 8 қазанда «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қарақат Жақсылыққызы Әбденді президенттікке кандидат етіп ұсыну туралы құжаттарды ұсынды. 10 қазанда Лингвистикалық комиссия қорытындысы негізінде Қарақат Әбден мемлекеттік тілді еркін меңгерген. 11 қазанда президенттікке кандидаттың сәйкестігін анықтау туралы қаулы қабылданды, - деді ОСК мүшесі Шавхат Өтемісов.
Оның сөзінше, осы хаттамаларға сәйкес президенттікке кандидат Қарақат Жақсылыққызы Әбденді қолдауға Қазақстанның 15 өңірінен 121 314 азаматтың қолы жиналды. Бүгінгі күнде олар тексеріліп, 118 418-і рас деп танылды. Кандидатты тіркеуге қажет барлық құжат ОСК ға ұсынылды және олар қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді. Президенттің кезектен тыс сайлауында Қарақат Әбденді ҚР президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы ОСК қаулысының жобасы әзірленді.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров барлық құжат заңда белгіленген мерзімде алынып, барлық рәсім сақталғанын айтты. ОСК мүшелері Қарақат Жақсылыққызы Әбденді ҚР президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулыға ОСК мүшелері бір ауыздан қолдап дауыс берді. Қарақат Әбденге президенттікке үміткер куәлігі берілді.
Еске сала кетсек, 7 қазан күні «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі президенттікке кандидат ретінде Қарақат Жақсылыққызы Әбденді ұсынды.
Қарақат Әбден 1974 жылы Ақмола облысында дүниеге келген. Белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, елорданың қоғамдық кеңесінің мүшесі және 4 баланың анасы. Мемлекеттік лауазымдарда оның ішінде Салық комитетінің орталық аппаратында, Қазақстан президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қызмет еткен. Астана қаласы мәслихатының VI шақырылымының депутаты. Сәбилер үйі мен Балалар үйінің қамқоршылық кеңесінің мүшесі, балалар үйінің 15 тәрбиеленушісінің менторы және тәлімгері.