ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауын өткізу шеңберінде партиялық тізімдерді тіркеу қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Парламент Мәжілісіне сайлануға 7 партия бойынша 283 кандидат ұсынылды. Тіркеу кезінде әрбір партияның ұсынымдары жан-жақты қаралып, 281 кандидат тіркелді. «Respublica» партиясынан 2 кандидат партиялық тізімнен шығарылды.
Партиялық тізімдерді тіркеу қорытындылары келесідей: Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан 54 кандидат, «AMANAT» партиясынан 90 кандидат, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 25 кандидат, Қазақстанның «БАЙТАҚ» жасылдар партиясынан 18 кандидат, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан» 19 кандидат, «Қазақстанның халық партиясынан» 52 кандидат және «Respublica» партиясынан 23 кандидат, - деді Петров.
Партиялық тізімдердегі әйелдердің, жастардың, мүгедектігі бар адамдардың жиынтығы 38,1 (107) пайызды құрайды. Кандидаттардың орташа жасы – 45 жас. Ал 29 жасқа дейінгі жастар саны – 19 адам. Ең жасы 1997 жылы туған, ең кәрісі 1942 жылы туған. Сондай-ақ 12 ұлт өкілдері ұсынылған.