ОСК AMANAT партиясының кандидаттар тізімін тіркеді

15 Ақпан 2023, 11:27
1567
Бөлісу:
ОСК AMANAT партиясының кандидаттар тізімін тіркеді
Фото: ОСК

Орталық сайлау комиссиясы AMANAT партиясының Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімін тіркеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ОСК хатшысы Мұхтар Ерман AMANAT партиясы 90 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынғанын айтты. 

Бұл тізімдегі 29 кандидат - әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Олар кандидаттардың жалпы санының 32,2%-ы. ОСК өкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «Сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді. Партиялық тізімге енгізілген барлық адам заң талаптарына сәйкес келеді, - деп айтты ОСК хатшысы.

Партиялық тізімді ұсынған партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін ҚР заңнасында белгіленген ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінде ОСК шотына саяси партиялардың қаражатынан сайлау жарнасын енгізеді.

Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 5 және одан да көп пайыз дауысын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді. 2021 жылғы қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында AMANAT партиясы сайлаушылар дауысының 71,9%-ын алған. Осыған байланысты AMANAT партиясы сайлау жарнасын төлеуден босатылады, - деп түсіндірді Ерман ОСК отырысында.

Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері AMANAT партиясы қоғамдық бірлестігінен Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың Конституцияда және «Сайлау туралы» Конституциялық заңда оларға қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы, AMANAT партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы хаттамаларға қол қойды.

Өзгелердің жаңалығы