Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға ынталандыру үшін 2020 жылы 37 млрд теңге көзделгенін, бұл 16,6 млн литр пестицидтерді субсидиялауға мүмкіндік беретінін айтты.
5 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2,2%-ға ұлғайып, 934,4 млрд теңгені құрағанын айтты. Бұл өсім мал шаруашылығындағы өнім көлемінің 2,3%-ға, оның ішінде сойыс салмақтағы еттің 3,5%-ға, сүттің 3,2%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Облыстар кесіндісінде республикалық қарқыннан жоғары болған облыстар Жамбыл, Қарағанды, Ақмола, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Алматы және Түркістан болды.
Министр атағандай, ірі қара мал санының 4,1%-ға, қойдың 2,8%-ға, жылқының 7,9%-ға, түйенің 4,4%-ға және шошқаның 1,5%-ға өскені байқалады.
Өсімдік шаруашылығында 2020 жылғы көктемгі дала және егіс жұмыстарын дер кезінде жүргізу үшін барлық қажетті шаралар қабылданды, бүгінгі күні егіс жұмыстары толығымен аяқталды. Облыстар әкімдіктерінің жедел ақпараты бойынша егіс алаңдары 237,7 мың гектарға артып, 22,5 млн гектарды құрады. Келесі маңызды іс-шара - егісті фитосанитариялық қорғау. Өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға ынталандыру үшін ағымдағы жылы 37 млрд теңге көзделген, бұл 16,6 млн литр пестицидтерді субсидиялауға мүмкіндік береді, - деді Сапархан Омаров.