Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Өсім баяулайды". Азия даму банкі Қазақстан экономикасына болжам жасады

Олжас АДАЙ
Кеше, 07:30
586
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллажы
Фото: BAQ.KZ коллажы

Азия даму банкі Кавказ және Орталық Азия өңірі бойынша 2025 жылға арналған экономикалық өсім болжамын 5,8 пайызға, ал 2026 жылға 5,0 пайызға дейін қайта қарады. Бұл туралы банктің Asian Development Outlook есебінде айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Азия даму банкінің мәліметінше, бұл көрсеткіштер 2025 жылғы қыркүйекте жарияланған Asian Development Outlook шолуындағы тиісінше 5,5 пайыз және 4,9 пайыз деңгейіндегі болжамнан жоғары.

Кавказ және Орталық Азия өңірі бойынша өсім болжамының қайта қаралуына Қазақстандағы экономикалық белсенділіктің күткеннен жоғары болуы негізгі себеп болды, – деп көрсетілген банк есебінде.

Өңірлік өсімге не әсер етті?

Азия даму банкінің бағалауынша, 2025 жылдың үшінші тоқсанында Кавказ және Орталық Азия өңіріндегі экономикалық өсім жоғары нәтиже көрсетті. Бұл үрдіс мемлекеттік инвестициялардың артуы, ақша аударымдарының өсуі, ішкі сұраныстың орнықтылығы және макроэкономикалық жағдайдың салыстырмалы түрде тұрақты сақталуы есебінен қалыптасты.

Өңір елдерінің басым бөлігінде өсім үшінші тоқсанда күткеннен жоғары болды. Бұған мемлекеттік инвестициялар, ішкі сұраныс және макроэкономикалық тұрақтылық ықпал етті, – делінген ADB болжамында.

Арменияда экономикалық өсім негізінен құрылыс пен ауыл шаруашылығы салалары есебінен қамтамасыз етілген. Дегенмен, қызмет көрсету секторындағы өсімнің баяулауы мен таза экспорттың төмендеуі белгілі бір дәрежеде кері әсер еткен.

Грузия экономикасы қызмет көрсету саласының кеңеюі, сыртқы қаржы ағындарының тұрақтылығы, туризм мен ақша аударымдарының артуы нәтижесінде айтарлықтай өсті. Әзербайжанда энергетика секторындағы ұзаққа созылған қиындықтарға қарамастан, экономикалық өсім қалыпты деңгейде сақталған.

Орталық Азия елдерінде де экономикалық серпін жоғары болды. Қырғыз Республикасында өсім тұтынушылық сұраныстың артуы, инфрақұрылымдық инвестициялар және ақша аударымдарының өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Тәжікстанда экономикалық өсімге тау-кен өндірісі, өңдеу өнеркәсібі, экспорт және жоғары деңгейде сақталған ақша аударымдары ықпал етті. Өзбекстан экономикасы инвестициялар, жүргізіліп жатқан реформалар және сыртқы теңгерімнің тұрақтылығы арқасында күтілгеннен жоғары өсім көрсетті.

Қазақстан бойынша болжам көтерілді

Азия даму банкінің мәліметінше, Қазақстанға қатысты 2025 жылға арналған экономикалық өсім болжамы қыркүйектегі 5,3 пайыздан 5,8 пайызға дейін көтерілді. Ал 2026 жылға арналған болжам 4,3 пайыздан 4,5 пайызға қайта қаралған.

2025 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстан экономикасы өсімін жалғастырды. Бұған көлік және логистика саласындағы жоғары көрсеткіштер, құрылыс көлемінің артуы, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім, әсіресе машина жасау мен автокөлік өндірісі, ауыл шаруашылығындағы өнімділік және мемлекеттік шығындардың күткеннен жоғары болуы әсер етті, – деп жазылған есепте.

2026 жылы өсім баяулайды

ADB болжамына сәйкес, 2026 жылы Қазақстан экономикасының өсімі қыркүйектегі болжаммен салыстырғанда сәл жоғары болғанымен, 2025 жылмен салыстырғанда баяулайды.

Экономикалық өсімнің баяулауына ақша-несие және кредит саясатының қатаюы, қосылған құн салығының 12 пайыздан 16 пайызға көтерілуі, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің азаюы әсер етуі мүмкін, – деп атап өтеді банк сарапшылары.

Сонымен қатар, жоспарлы жөндеу жұмыстары мен өндірістік шектеулерге байланысты мұнай өндірісінің төмендеуі күтіледі. Базалық сценарий бойынша мұнай өндірісі 96,2 млн тонна деңгейінде болжанып отыр. Ал өндіріс көлемі 100 млн тоннаға дейін артқан жағдайда, жалпы ішкі өнім өсімі 6 пайыздан жоғары болуы мүмкін.

Инфляция тәуекелі күшейді

Азия даму банкі Кавказ және Орталық Азия өңірі бойынша инфляция болжамын да қайта қарады. 2025 жылға арналған инфляция болжамы 7,7 пайыздан 8,0 пайызға, ал 2026 жылға 6,6 пайыздан 7,1 пайызға дейін көтерілді.

Инфляция болжамының жоғарылауына Қазақстан мен Қырғыз Республикасындағы инфляциялық қысымның күшеюі әсер етті, – делінген ADB есебінде.

Банк мәліметінше, инфляцияның өсуіне азық-түлік пен қызмет көрсету бағасының қымбаттауы, коммуналдық тарифтердің артуы және ұлттық валюталардың әлсіреуі ықпал еткен.

Қазақстанда инфляция 11,2 пайызға дейін өсті. Ал 2026 жылға арналған инфляция болжамы 9,5 пайызға дейін көтерілді. Қырғыз Республикасында инфляция азық-түлік, көлік және коммуналдық қызмет бағасының өсуі есебінен артқан.

Ал Тәжікстанда импорттық инфляцияның төмендеуі, салықтық жеңілдіктер және еңбек нарығындағы әлсіздік инфляцияның баяулауына ықпал етіп, 2026 жылға да осы деңгей сақталады деп күтіледі. Армения, Әзербайжан, Грузия, Түрікменстан және Өзбекстанда инфляция деңгейі ұстамды болып қалып отыр. Бұған сақ саясат пен шикізат бағасының салыстырмалы тұрақтылығы әсер еткен.

Өзгелердің жаңалығы