«Өшпейтін із қалдырды». Рақымбекованың «рақымы»

19 Қазан 2020, 17:05
3128
Бөлісу:
«Өшпейтін із қалдырды». Рақымбекованың «рақымы»

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада қоршаған ортаны қорғау саласына еңбек сіңірген қоғам қайраткері Салтанат Рақымбекованың құрметіне арналған аллея бар. Әр жылдары Қазақстан Азаматтық альянсының президенті, «Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту Коалициясының басшысы ретінде жасыл технологияларды енгізу, экологиялық өндірісті жолға қою бойынша белсенді қызмет атқарған Салтанат Темірқұлқызы 55 жасында өмірден өтті.

Аллеяда 55 ағаш отырғызылды. Салтанат Рақымбекованың туғандары мен әріптестері оның қандай адам және тұлға болғанын айтып, естеліктерімен бөлісті.

«Өшпейтін із қалдырды». Рақымбекованың «рақымы»

Біздің министрліктің қоғамдық кеңесінің төрайымы болған Салтанат Темірқұлқызы өзінің белсенділігімен қаншама жақсы істердің бастамашысы, жасыл экономиканың көшбасшысы ретінде есте қалады. Ол әрқашан бізге өзінің тасып тұрған энергиясымен қуат беріп, жаңа бастамаларға жетеледі. Оның бастап кеткен істерін жалғастыру жолында бәріміз атсалысып жұмыс істейік. Артында жақсы шәкірттері де қалды, - деді экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Азаматтық альянстың президенті Бану Нұрғазиева Салтанат Рақымбекованы 2008 жылдан бастап танитынын айтты.

Ол Қазақстанның экологиялық таза болуына аянбай еңбек етті. Өкінішке қарай, бүгін ортамызда жоқ. Оның 10 жыл бұрын айтқан барлық идеясы мен бастамасын біз жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Мықты азаматтық қоғам – мықты Қазақстан. Бұл сөзссіз. Біздің халық елінің гүлденгенін қалайды, - деді Нұрғазиева.

Ал Салтанат Темірқұлқызының жолдасы Төлеутай Рақымбеков жарын жан тебірентерлік сөздермен еске алды.

«Өшпейтін із қалдырды». Рақымбекованың «рақымы»

Салтанат жүрген жерінде «көгерсе екен, өссе екен» деп айтып жүретін азаматша еді. Бірде ол Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.а.с) ең жақын сақабалары бірінің кесенесі жанында байқаусыздан бір гүл жұлып алды. Жергілікті имам «оған тиісуге болмайды» деп айтты. Салтанат «кешірім ретінде тал отырғызсақ бола ма?» деп сұрады. Содан 2014 жылдан бастап 2019 жылға дейін жылда сол жерге барып 50 түп ағаш отырғызатынбыз. Биыл карантинге байланысты бара алмадық. Сол кезде «мына ағаштарға су бармайды екен» деп айтып еді. Оны да істейміз, Салтанат. Жобалық құжаттардың барлығы дайын. Осы күнге дейін бір жерде сапарда жүрген сияқты. Кешігіп жұмыстан шықсам, «мен мына жерде кешігіп қалдым» деп айту үшін қолым ұялы телефонға қарай жүгіреді. Өзі мен жанұясы үшін емес, «елім өнсе екен, елім көгерсе екен» деп жүретін, - дейді ол.

Төлеутай Рақымбеков жұбайымен танысқанына 36 жыл болғанын айтты.

«Өшпейтін із қалдырды». Рақымбекованың «рақымы»

1984 жылы Салтанат 2-курста мен 4-курста жүргенде танысыппыз. Содан екі жыл өткен соң шақырақ құрдық. Сол кезден бастап Салтанат таза еді, әйел адам сияқты өсекке жоқ болатын. Таңның атысы, күннің батысы «айнала, ел гүлденсе екен» деп жүретін. Салтанаттың бастаған іс-шаралары мен жобалары бар. Оларды міндетті түрде жалғасытрамыз, - деді Рақымбеков.

Рақымбекованың қызы Әлия Рақымбекова да анасы туралы естелігін айтты.

«Өшпейтін із қалдырды». Рақымбекованың «рақымы»

Ол үнемі шуақ шашып жүретін, позитивті адам еді. Өз елінің патриоты болатын. Туған-туыс пен әріптестер арасында біреулер «шетелде тұрғымыз келеді» десе, оларға ұрсып беретін. «Біздің елімізді дамыту керек, өзге елде күтіп тұрған ешкім жоқ» дейтін еді. Ол тек бізге ғана емес, көбіне ана болды. Ол бізді «адамдарға көмегің тисін, адал бол» деп тәрбиелейтін. Анамның екі қызы, екі немересі бар. Күз кезінде ол өзінің немерелері білім алатын мектепте аллея отырғызуға ұсыныс жасады. Балаларға ағаш отырғызуға үйретті. Пандемия салдарынан ол орындалмады. Алайда біз оны міндетті түрде жалғастырамыз, - деді Әлия Рақымбекова.

Өз кезегінде «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамтыу коалициясының» атқарушы директоры Асхат Сүлейменов Салтанат Рақымбекованы көбі жасыл экономика көшбасшысы, қоғам беосендісі ретінде танитынын айтты.

Шын мәнінде ол экономика ғылымдарының докторы, ғалым адам. Екі ғылыми кітап шығарды. Экология және жасыл экономика бойынша 200-ден астам мақала жазды. Ел үшін жасаған үлесі туралы сағаттап айтуға болады. Жыл соңына дейін бірқатар шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ондай адам туралы естелік мәңгі болуы керек,- деді Асхат Сүлейменов.

«Жасыл экономиканы қолдау және және G-Glolbal-ды дамыту коалициясының» баспасөз хатшысы Меруерт Абдалиева Салтанат Темірқұлқызын 1997 жылдан бастап танитынын айтты.

«Өшпейтін із қалдырды». Рақымбекованың «рақымы»

Ол кісі Қарағанды облысы әкімдігінде кәсіпкерлік департаментін басқарған. Сол кезден бастап жұмыс істедік. Ол уақытта елдің барлығы кәсіпкерлікке енді бет бұрып жатқан кез еді. Журналист ретінде мен де ол кісіден талай сұқбат алдым. Қашан қарасаң да, жаңа бастамалардың басында жүретін. Сол кезде ауыл тұрғындарынан сүт өнімін жинайтын шағын цехтер ашқызып, өте үлкен істерді атқарды. Жұрт жасыл экономиканың не екенін білмей жүргенде де, жасыл экономиканы дамыту коалициясын құрды. «Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек, бұл халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосады» деп айтатын, - дейді Абдалиева.

Оның айтуынша, 2013 жылдан бастап жұмыс істейтін коалиция Үкіметтен бір тиын қаржы алмаған.

Одан кейін де «Ауыл әйелдерінің форумын» ұйымдастырып, ауыл әйелдеріне көмек көрсету керегін насихаттайтын. Сонау ауылдарда елдің экономикасына үлес қосып отырған қыз-келіншектерге үлгі болуымыз керек, олардың еңбегін көрсетуіміз керек деп 100 ауылдық әйелдің оқиғасын кітап етіп жарыққа шығардық. «Біз тарихтың алғашқы беттерін ашамыз» деп айтатын. Өзі де тарихтың қойнауына кетті. Ол кісінің өзі жоқ болса да, соңында ізі мен жұмысы қалды. Оны жалғастыратын адамдар бар, - деді ол.

P.S. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артынан сөз қалдырған» демекші, Салтанат Темірқұлқызының игі бастамалары мен идеялары жалғасын табатыны сөзсіз. Салтанат Рақымбекованың құрметіне ашылған аллеяда отырғызылған әрбір ағаш оның ғасырлық ғұмыры жалғасатынының дәлелі болмақ.


Өзгелердің жаңалығы