Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Осакаров ауданындағы іргелі шаруашылықтар мен кәсіпорындар туралы айтты. Бұл туралы әкім әлеуметтiк желiдегі парақшасында жазды.
Облыс әкімі аудандағы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен айналысатын «Найдоровское» кәсіпорны жайлы сөз қозғады. Бұл шаруашылық 20 жыл бойы аймақта көш бастап келеді.Өсірілетін дақылдардың ішінде бидай, арпа, жасымық, майлы зығыр және картоп бар. Шаруашылықтың бұл өнімдері тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдері мен Еуропада да сатылады. Картопты сақтау үшін мұнда сыйымдылығы 8400 тоннаны құрайтын арнайы көкөніс қоймасы бар. Қоймада 50-ден астам адам жұмыс істейді. Қыста көкөніс қоймасы зығырдың қалдықтарымен жылытылады. Бұл үшін Еуропадан арнайы пештер жеткізілді. Сонымен қатар «Найдоровское» қожалығы органикалық егіншілікпен де айналысып, табиғи тыңайтқыштар негізінде өсірілетін өнімдерді шығарады. Шаруашылық алғашқылардың бірі болып цифрлық технологияларды енгізуді қолға алды. Бұл үшін топырақтың ылғалдылығы мен температурасын көрсететін спутниктік бақылау жүйесі мен метеостанциялар орнатылды, - деді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар әкім құрғақ бие сүті және соны өндіретін SAUMAL зауытының жай-жапсарына тоқталды.
Қазіргі уақытта құрғақ бие сүтінің емдік қасиеттері туралы көп айтылып жүр. Оны өндірумен Осакаров ауданының Дальний ауылдық округінде орналасқан SAUMAL зауыты айналысады. Зауыт «Бұйратау» ұлттық паркі табиғи қорығымен шектесіп жатыр. Бұл өндірілетін сүттің бай биологиялық белсенді құрамын және экологиялық тазалығын қамтамасыз етеді, - деп жазды әкім.
Ал «Евразия Инвест LTD» ЖШС бие сүтін қайта өңдеу зауыты Жансары кентінде орналасқан.
Биенің жаңа сауылған сүті өзінің пайдалы қасиеттері мен құрамын бірнеше сағат бойына сақтайды. Сондықтан мұнда неміс вакуумдық сублимация технологиясы қолданылады. Бұл технология сүтті оның ерекше құрамы мен емдік қасиеттерін толығымен сақтай отырып өңдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ зауытта Saubota сублимацияланған түйе сүтінен ұнтақ шығару қолға алынды, - деді Жеңіс Махмұтұлы.
Жеңіс Қасымбек сүт өнімдерін шығаратын «Тонус KZ» ЖШС туралы да айта кетті.
Ауданда шығарылатын «Тонус KZ» ЖШС сүт өнімдерін Қарағанды мен Астана жұртшылығы жақсы біледі. Мұнда өте дәмді сүт, қаймақ, айран, йогурт, сүзбе және май өндіріледі. Кәсіпорын Мирное ауылында орналасқан. Кәсіпорынды көп жылдан бері Ирина Ушакова басқарады. Сондай-ақ кәсіпорын біраз уақыттан бері жергілікті фермерлерден «Бірлік 2018» ӘКК ӨК сүт сатып алады.
Ал осы ауданның Есіл ауылындағы «Ясная поляна» шаруа қожалығының басшысы Михаил Чолокидің шаруашылығында астықтың жоғары сапасына қол жеткізуге мүмкіндік беретін астық кептіргіш іске қосылған. Астық кептіргіштің іске қосылуы арқасында ауылда 26 жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ мұнда наубайхананың жұмысы ұйымдастырылып, аудан тұрғындары үшін нанның 14 түрі пісіріледі.
Сондай-ақ өткен жылы Озерное ауылында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының арқасында киіз бұйымдарын шығаратын цех ашылған.
Оны кәсіпкер Гүлбаршын Байсариева ұйымдастырып, көне қолөнерді жаңғыртуға грант алды. Өндіріс жұмысына 5 қолөнерші қатысады. Сонымен қатар мұнда 20-дан астам адам ежелгі қолөнер кәсібіне тегін оқытылды. Қазір бірегей дизайнерлік киімге деген сұраныс артып, тапсырыстар жергілікті жерлерден және шетелдерден келіп түсуде, - деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.