Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы кезде қоғамда "Ұлы Отан соғысы емес, Екінші дүниежүзілік соғыс деп атау керек" деген пікір көп айтыла бастады. Осы мәселеге орай еліміздегі тарихшы, жазушы және саясаттанушылармен сұхбаттасып, ойларын білген едік. Олардың айтқан пікірлерін қаз-қалпында назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы:
Бұл соғысқа сипат беру жаңарып келеді. Соғыстың басында Гитлер мен Сталин тұрды, онда өзге халықтардың мүддесі қаралмады. Қазір бұл соғыс төңірегінде көп мәселе басқаша көзқараспен қаралады. Сондықтан бізге де Екінші дүниежүзілік соғыс деп атаған жөн. 1939 жылға дейін Гитлер мен Сталиннің өзара ымырасы болды, сол себепті екі жақтап Польшаны бөліп алды. Бұл соғысқа Совет одағы тарапынан ешқандай адалдық болмады, керісінше басқыншылық басым болды.
Германия Еуропаның бірнеше еліне басып кірді, алайда олардың ешқайсысы Отан соғысы деп айтқан емес, бәрі Екінші дүниежүзілік соғыс дейді. Еуропа елдерінің бәрінде Германияға қарсы тұру қозғалысы болды. Одан бөлек, Ұлыбритания мен АҚШ-тың рөлі де зор. Совет үкіметі тұсында одақтастардың жеңіске қосқан үлесі айтылмады, іс жүзінде олардың материалдық, азық-түлік жағынан көмегі болды. Германияны жеңуге бұл көмектердің де септігі тиді. Оны көп айта бермейді. Негізі бұл соғыстың айтылмай келген тұстары әлі көп. Қазір соларды ашып айтқан жөн.
Дегенмен, фашистік Германияға қарсы соғыста Совет үкіметі халқының ерлігі, хаһармандығын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ Ұлы Отан соғысы деп әспеттеудің қажеті жоқ. Объективті көзқарас керек. Мәселен, Чехословакияны басып алу, Мюнхен келісімі сияқты деректер Ұлы Отан соғысы дегенге келмейді. Сондықтан Екінші дүниежүзілік соғыс деп атау обективті көзқарасқа жақын. Чехословакияны, Польшаны бөлісе отырып Ұлы Отан соғысы деп атау дұрыс емес. Мұның бәрі КСРО тарапынан басқыншылық жасағанын көрсетеді. КСРО тоталитарлық мемлекет болғандықтан оның халқы да басқыншылық қызметке жұмыс істеді.
Мысалы Патша үкіметінің де соғыстары әділ болды деп айту қиын. Бірінші дүниежүзілік соғыста да шикіліктер көп болды. Сталиннің кесірінен КСРО халқы бекерге қан төкті және адам шығыны да жоғары болды.
Соғыстан кейінгі жағдайлар да сол басқыншылық сипатта болды. Мәселен, 1956 жылы Венгрия халқы ұлт-азаттық көтеріліске шықты, олардың бәрін қырып тастады. Одан кейін Финляндияның жеріне шабуыл жасауы бар. Сондықтан Екінші дүние жүзілік соғыс деп атаған жөн. Ал, алдау, басқыншылық пен арам пиғыл жүрген жерде Ұлы Отан соғысы дегенмен келісу қиын. Бұл Сталиннің арам пиғылы, ол демократ емес, опасыз адам болған. Мәселен, қазіргі Путиннің соғысын қалай мақтайсыз. Екі рет Шешен соғысы болды. Қанша адам қырылды. Қазір Сирияда соғысып жатыр.
Кеңес халқы үшін бұл Отан соғысы болды
Сайын Борбасов, Ш. Уалиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының кеңесшісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор:
Жалпы Екінші дүниежүзілік соғыс Ұлы Отан соғысынан бұрын 1939 жылы Германияның Польшаны жаулап алуымен басталды. Ал Кеңес халықтары қатысқан соғыс шын мәнінде Ұлы Отан соғысы болды. Себебі Кеңес одағы өзінің тәуелсіздігі жолында күресті. Егер фашистік Германия Кеңес одағын басып алса, оны жоқ қылар еді, онымен бірге құрамындағы халық та жойылар еді. Сондықтан Кеңес халықтарына 1941-1945 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысу олар үшін Отан соғысы болды. Өйткені, бұл соғыстың тағдырлы сипаты болды. Кеңес одағының тағдыры осы соғыстағы жеңіс пен жеңіліске байланысты болды. Егер жеңілсе Кеңес одағы жойлатын болды, онымен бірге құрамындағы 15 республика да жойылудың алдында тұрды. Қазақ халқы соны жақсы түсінді. Егер фашистік Германия басып алатын болса қазақ халқы өзінің одақтас республика құрамында болғанын, өзінің сақталуының бәрі күмәнді жағдайға айланатынын білді. Әйтпесе, халық соғыспай-ақ, қолын көтеріп беріле салушы еді. Советтік идеологияның да өзіндік себебі болды, дегенмен қазақ халқы фашистер жеңетін болса өздерінің қара құлға айналатынын түсінді. Яғни, қазақтың оқудан, білімнен айырылып, "ұлы ариялық неміс" ұлтының құлына айналатынын сезді. Сол үшін олар күресті, біз шын мәнінде құлдыққа қарсы күрестік.
Кеңес одағы тұсында шылқып өмір сүрмесек те, оқу орындары ашылды, колхоз, совхоздар құрылды. Қуғын-сүргін, аштықтан кейін қазақ халқының жағдайы оңала бастаған. Кеңестік одақтың да трагедиясы үлкен, дегенмен фашистік Германия үлкен трагедияға әкелуші еді.
Мысалы, Тарбағатайда менің Ақшәуіл деген кішкентай ауылым бар. Шешем сол ауылдан 37 азамат соғысқа аттанды дейді. Соның 17 ғана тірі қайтып келген, оның үшеуі тұтқында болғаны үшін сотталып кеткен. Яғни, толыққанды қайтып келіп өмір сүргені 14 азамат. Шешемнің айтуынша, соғысқа кетіп бара жатқандардың бірде-біреуі қайғырып, мен босқа өлетін болдым деп айтпаған. Әрқайсысы халқымды, жерімді қорғаймын деп кеткен. Осындай жағдайды біле тұра біз оны қалай жоққа шығарамыз.
Әрине, сырттан келген ғалымдар бар, олар Ұлы Отан соғысының рөлін дұрыс түсінбейді. Өйткені олар бастан өткізген жоқ. Мысалы, соғысқа менің үш нағашы атам кетті. Шешемнің әкесі және оның екі бауыры. Соның біреуі ғана оралды. Сондықтан өз басым бұны Кеңес халықтарының Ұлы Отан соғысы деп қабылдаймын, бірақ Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі. Біздің тарихнама үшін объективті шындық сол. Кеңес одағының Ұлы Отан соғысы Екінші дүниежүзілік соғыста шешуші рөл атқарды. Фашистік Германияны жеңуде Кеңес халықтары шексіз ерлік танытты. Оның ішінде тек орыс халқы ғана емес, одақтағы барлық республикалар атсалысты. Қазір орыстар жеңістің бәрін өздері алып бергендей етіп көрсетіп отыр. Соғыс кезінде он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалғаны, қазақтың да шешуші рөл атқарған халықтар қатарында екенін көрсетеді.
Қабдеш Жұмаділов, Қазақстанның халық жазушысы:
Бұл соғыстың әлемге ортақ атауы Екінші дүниежүзілік соғыс. Оны орыстар Ұлы Отан соғысы дейді. Біздің отанымыз қазір Ресейден бөлініп шықты ғой. Олармен бірге бір жалаудың астында біз де соғыстық. Дегенмен, Екінші дүниежүзілік соғыс деп атасақ еш қателеспейміз. Бізден басқаның бәрі солай атайды. Азаматтарымыз Отанымды қорғаймын деп барғаны рас. Бірақ әр нәрсені өз атауымен атаған жөн. Өзім көптен бері Екінші дүниежүзілік соғыс деп қолданып келе жатырмын. Бірнеше повест, бірнеше әңгіме жаздым бәрінде Екінші дүниежүзілік соғыс деп атадым. Дұрысы сол.
Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
Әкелеріміз Отанымды қорғаймын деп майданға аттанды. Сол жерде жан тапсырды. Мәскеу түбінде қазақ жауынгерлері үлкен ерлік танытты. Жазушылар оларды өз Отанын қорғап жатыр деп жазды. Енді оның бәрін қалай жоққа шығарамыз. Меніңше, ол дұрыс емес. Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ жауынгерлерінің үлесі орасан. Сондықтан, ол біздің соғыс емес дегенге қосылмаймын. Екінші дүниежүзілік соғыс жүргені белгілі, алайда біз КСРО құрамында болдық және үкімет Ұлы Отан соғысы деп жариялады. Сондықтан, әкелеріміз Отанды қорғаймын деп аттанды. Аналарымыз тылда Отан үшін деп жұмыс істеді. Апам айтатын "осынша наски тіктік, осынша қолғап тоқыдық" деп. Оның бәрі еңбек, жеңіске қосылған үлкен үлес. Бұл жерде әртүрлі пікір болуы мүмкін, бірақ менің жеке ойым бойынша ол Отан соғысы. Отаным деп кетіп, жанын құрбан еткен адамдардың тілегін сыйлауымыз керек. Баубек Бұлқышев соғыста жүріп жазған шығармаларында Отан үшін соғысып жүрмін деп жазады. Оның бәрін қалай жоққа шығарамыз.
Ол кездегі үкіметтің шешімі, саясаты бір бөлек. Ал халықтың ерлігі ол басқа нәрсе. Біріне-бірін шатыстырмауымыз керек.
Менің әкем соғыс жылдары бастан аяқ еңбек майданында болды. Мойынты-Шу темір жолын салды. Әкемнің інісі Нұршабай Қойгелдиев соғыстан оралмады, із-түзсіз кетті. 1941 жылы соғысқа кетіп, 1943 жылдан кейін хабарсыз кетті. Әкемнің ағасы Нәдір Қойгелдиев Сталинград шайқасына қатысып, сол жерде аяғына оқ тиіп жұлынында оқ қалып қойған. Соғыстан келген соң соның зардабынан көз жұмды. Енді осы адамдардың еңбегін мен қалайша жоққа шығарамын. Олардың бәрі Отанына қызмет етті ғой. Тағдыр солай болды, біз бір мемлекеттің құрамында болдық. Ал ол мемлекеттің басшыларының халыққа жасаған қиянаты олардың өз ар-ожданына қалдырайық. Халық көтерген бейнетті, азапты біздің де әке-шешелеріміз көтерді. Бұл бүкіл елдің басына түскен нәубет болды, оны ұлт ретінде біз де бөлістік.
Түбі Екінші дүниежүзілік соғыс деген атауға тоқтаймыз
Дос Көшім, саясаткер, қоғам белсендісі:
Бұл жөнінде ойланбаппын. Бірақ әлемде оны Екінші дүниежүзілік соғыс деп атайды ғой. Бізге де солай атаған дұрыс шығар. Бұл жерде ешқандай қателік жоқ. Ата-бабамыз Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқаны рас, оны жоққа шығара алмаймыз. Тек қана оның атауы ғана өзгереді. Идеология өзгерген кезде атаулары да өзгереді. Тіптен, қала, елдімекен, көшенің атаулары да өзгеріп жатыр. Себебі қазір басқаша көзқарас қалыптасты. Бұған дейін айтылмай, жасырын келген нәрселер ашылып жатыр. Сондықтан соғыстың атауында тұрған ештеңе жоқ. Оған қарап біздің әкелеріміздің еңбегі ұмытыла қоймас. Екінші дүниежүзлік соғысқа қатысты деген қайта ҰОС-қа қарағанда жоғары сияқты. Өйткені бұның Дүниежүзілік соғыс деген аты бар.
Ұлы Отан соғысы деп Совет үкіметі кезінде идеологиялық бағытта қойды. Қазір ол идеология да, Совет үкіметі де жоқ. Тарихи оқиға қалды, тек атауын ғана өзгертеміз. Тарихшылар қалай жазу керек деген ол мемлекеттің мәселесі, ал халық өз атауын қоя алады. Мысалы, халық Желтоқсан көтерілісі деп атап кетті, оны билік қойған жоқ. Билік оны оқиға десін, басқа десін халық көтеріліс деп атайды. Яғни, халықтың өзі жасай алатын нәрселер бар. Бәрі бірігіп солай атаса билік ешқайда қашпайды.
Берекет Кәрібаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
Тарихнамада бұл негізі саяси мәселе. Ресейден тікелей қол үзіп кеткен елдер, оның ішінде Балтық жағалуы елдері, Украина, Грузия Екінші дүниежүзілік соғыс деп ашық айтып жатыр. Ал, Белорусь, Қазақстан және өзге ТМД елдерінде Екінші дүниежүзілік соғыс немесе Ұлы Отан соғысы деп қатар айтып келеді, яғни 50-50 болып тұр. Егер біздің билік Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты деп айтатын болса онда бұл концепция жеңіп кетеді. Дегенмен, бізде әлі де соғыс ардагерлері бар. Солардың құрметіне орай бізде әлі Ұлы Отан соғысы деп келеміз.
Түбі біз де Екінші дүниежүзілік соғыс деген атауға тоқтаймыз. Бұл саясатқа келіп тіреледі. Қазір Кремлдің қабағына қарап қана отырмыз.