Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қашықтан оқыту сапасын қамтамасыз ету үшін оқушылар мен педагогтерді компьютер және интернетпен қамту бойынша мониторинг жүргізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Биыл қорытынды аттестаттау және білім алушылардың дипломдық жұмысын (жобасын) қорғау Microsoft teems, АИС "Platonus" платформаларында, ZOOM, Google classroom арқылы бейнебайланыспен онлайн өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ барлық емтихан бейнежазбаға жазылады, – деп мәлімдеді Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының баспасөз хатшысы Алтынай Зарлыққызы.
Оның айтуынша, қашықтан оқудың нәтижелі болуы мақсатында оқушылар мен педагогтердің компьютер және интернет желісімен қамтылуына мониторинг жүргізілген.
Мониторинг қорытындысы бойынша білім басқармасымен мектеп балансындағы 7118 компьютер көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан 6500 оқушыға және 618 педагогке уақытша пайдалануға берілді. Қосымша 2 613 ноутбук және интернетпен қамту үшін 5 200 флеш-карта сатып алынды, – деді Алтынай Зарлыққызы.
Осы оқу жылында колледждердегі түлектер саны – 6 605 студент, оның ішінде 3 787-сі мемлекеттік таспырыспен бітіреді. Білім алушылар мен оқытушылар қажетті техникамен: компьютер, флеш-карта және wi-fi роутермен қамтамасыз етілген.
Айта кету керек, студенттерге 1 280 910 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. 1000-нан астам ақылы топта оқитын студенттерге оқу ақысы төлей алмауына байланысты биылғы тамыз айына дейін шегерілді.