«Ұлттық идеология және ...» жобасының кезекті қонағы жазушы, ілеспе аудармашы Камал Әлпейісова деп хабарлайды, BAQ.KZ тілшісі.
Камал Әлпейісовамен сұхбатты үш бөлімге бөлуге болады. Бірінші бөлімінде жазушы 1997 жылы 8 желтоқсанда сол кездегі шақырылым депутаттарымен Астанаға қалай келгенін, алғашқы алматылық тұрғындарды Алматыда қалғандар не деп мазақтағанын, Ақмола қалай қарсы алғанын, сол кездегі Назарбаевтың қаланың көркеюіне қатысты жиналыстарды қалай жүргізгенін, Астана 25 жылда қалай өзгергенін айтып берді.
Сұхбаттың екінші бөлімінде елдегі ілеспе аударма жайына тоқталдық. Қазақстанның алғашқы ілеспе аудармашыларының бірі Камал Әлпейісова халықаралық жиындарда шет тілінен бірден қазақ тіліне аударуға не кедергі екенін, ілеспе аудармашылардың саны неге аз екенін түсіндіріп берді. Аудармашы Астана экономикалық форумына Ердоған келген жылы орын алған әлемдік дәрежеде орын алған ұят жағдаймен де бөлісті. Сұхбат барысында қазақтілді журналистердің дискриминацияға ұшырайтын жағдайларын да талқыладық. Бұл жерде жазушы орыс тілі керек емес дегенге неге келіспейтінін талдап берді.
Әңгіменің үшінші бөлігінде жазушы ажырасу, алып қашу, ер-азаматтың сапасы, материалдық жағдайды есепке алып үйленетіндер, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ене мен келін қарым-қатынасы мәселелеріне тоқталды. «Ер-азаматты жынысы үшін сыйлау керек пе?» деген сауалға жауап берді.