Алапат өрттен жанып кеткен Әулиекөл ауданындағы 91 тұрғын үй Мемлекет басшысының тапсырмасымен екі айға жетпейтін уақыт ішінде салынып, ел игілігіне берілмек деп хабарлайды Қостанай өңіріндегі BAQ. KZ тілшісі.
Қысылтаяң кезде жылдар бойы мекендеп отырған баспанасынан айырылған халыққа жаңа тұрғын үй салуға 12 мердігер компания тартылып, күні-түні жұмыс істеген. Бұл мақсатқа Үкімет резервінен 2,3 млрд теңге бөлініпті. Ұлттық мереке - Республика күні қарсаңында зардап шккен тұрғындар өздерінің жаңа, жайлы үйлерінің кілттерін алады. Олардың әрқайсысына жалпы ауданы жүз шаршы метр жаңа баспана салынды. Газ, су, кәріз жүйелері тартылып, демеушілердің көмегімен жиһаз бен тұрмыстық техника сатып алынып жатыр.
Қазірдің өзінде өрттен зардап шеккендерге осы мақсатқа 1 миллиард 250 миллион теңге бөлінді. Қаражаттың басым бөлігі тұрғындардың жеке есеп-шотына аударылып, келісім шарт жасадық, – дейді «Kaiyrymdylyk.kz» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Нұрбек Әбдібеков.
Әулиекөл ауылының жаңа «Бірлік» шағын ауданының тұрғыны Жұмагүл Рахметова қоныс тойын осындай қысқа мерізім ішінде атап өтетініне сенбегенін жасырмайды.
Құрылысшылардың тапсырмаларды тез орындағанына өте қуаныштымыз. Қоныс тойын асыға күтіп жүрмін. Енді міне Республика күні қарсаңында біз екі бірдей қуанышты атап өтетін болдық. Мен өзім киім тігумен айналысып, күнімді көріп жүргенмін. Үйім өртенгенде көшеде қалам ба деп қатты қорықтым,- дейді Жұмагүл Рахметова.
Еске салайық, орман өртінен тек тұрғын үйлер ғана емес, сонымен қатар шағын кәсіпкерлік субъектілерінің, шаруа қожалықтарының мүлкі, шаруашылық құрылыстары бар аулалар, құрал-жабдықтар, сондай-ақ 390 бас мал мен құс та жанып кеткен болатын.
Өрттің бірінші күні жедел штаб құрылып, 1893-тен астам адам, 224 техника, 6 тікұшақ және 5 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. Соның арқасында Озерное және Аманқарағай ауылдарының тұрғындарын көшіру уақытылы жүргізілді.
Осы күндер ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазақстандықтар Қостанай жеріне келген ортақ қасіретті бірлесе еңсерді. Бүкіл ел өрттен зардап шеккендерге қамқорлық танытты. Гуманитарлық көмек республикамыздың түкпір-түкпірінен келді. Әулиекөл орман өрті кәсіпкерлерді де, кәсіпорын басшыларын да бей-жай қалдырмады, жалпы іске еріктілердің қосқан үлесі де орсан зор.
Сонымен қатар, өртенген орман аумақтарын тазарту мен ағаш отырғызу жұмыстары басталды. Аманқарағай кентіндегі тас жол бойында 25 мың қарағай мен қайың көшеттерін отырғызу аяқталып қалды. Төрт ойын алаңы, футбол алаңы және екі спорт алаңы салынып жатыр.
Мемлекет басшысына, құрылысшыларға және еліміздің барлық қамқор адамына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Әрқашан көмектесуге және қолдау көрсетуге дайын, жанашыр адамдардың арқасында осы сынақты да еңсердік. Аманқарағай ауылының барлық тұрғыны атынан зардап шеккендердің өмірінің қиын кезеңдерінде көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғыс білдіремін. Осындай біріліктің арқасында ауданда қысқа уақыттың ішінде ауқымды жұмыс істелді, - дейді аудан әкімі Ерлан Теменов.