Қарттар мен мүгедектерге арналған орталықтың бухгалтері мен директоры 80 млн теңгеге жуық қаржыны жымқырып қойған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
️Атырау облысының Жылыой аудандық сотында мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам бола тұра, аса ірі мөлшерде сеніп тапсырған мүлікті иемденіп алып, талан-таражға салғаны үшін айыпталған Ж.-ға (ҚК-тің 189-бабының 3-бөлігінің 1,2-тармағы) және Ш.-ға (ҚК-тің 189-бабының 3-бөлігінің 1,2 тармақтары, 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы) қатысты қылмыстық іс қаралды.
Ш. Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының №2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының бас есепшісі және уақытша мекеме директоры міндетін атқарушы бола тұра, 2021-2022 жылдары өзінің және таныстарының банк есепшоттарына 73 млн теңгеден астам қаражат аударған. Осылайша ол аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп, талан-таражға салған. Ж. Орталық директоры бола тұра, 2022-2024 жылдары өзінің және таныстарының банк есепшоттарына аудару жолымен сеніп тапсырылған мүлікті ірі мөлшерде 6 млн теңгеден астам сомаға иемденіп, талан-таражға салған, - делінген хабарламада.
Прокурор сотталушы Ш.-ға – 6 жыл 8 ай, Ж.-ға 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
Жәбірленуші Ш.-ға 60 млн астам теңгеге талап қоюын қанағаттандырып, заң шеңберінде жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушылар өз кінәларын мойындады.
Ш.-ның кінәсін мойындауы, бұрын сотты болмағаны, әрекетіне өкінуі, залалды ішінара өтеуі, Ж.-ның кінәсін мойындауы, әрекетіне өкінуі, залалды толық көлемде өтеуі, бұрын сотты болмағаны, тергеуге жәрдем көрсетуі, отбасылық жағдайы (жалғыз басты ана) танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады, - делінген соттың хабарламасында.
Соттталушылар тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылды. Ш. -ға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ж.-ға ҚК-тің 55-бабының 4-бөлігін қолданумен мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
️Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.