Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Ертіс өңірінде жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Нұрлан Әбдіров Екібастұз ауылдық аймағына қарасты бірнеше сайлау учаскесінің дайындық барысын көрді. Нақтырақ айтқанда, Бесқауға және Шідерті ауылдарындағы учаскелердің сайлау алдындағы дайындық шараларымен танысты.
Екібастұз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сансызбай Төлеубаевтың айтуынша, қазіргі уақытта аймақтағы 65 учаскенің барлығы дайын. Олардың ішіндегі 20-сы ауылдық елді мекендерде орналасқан.
Сайлаушылардың саны 98 мың 655 адам. Бүгінгі күні сайлау учаскелерінің төрағалары мен мүшелері тәжірибелік оқулардан өтіп, тестілеу тапсырды. Қорытындысы бойынша барлығы сертификаттарға ие болды. Сайлау учаскелерінің барлығы қажетті құралдар, материалдармен жабдықталды. Қазіргі уақытта комиссиялар жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес істеп жатыр. Дауыс берушілердің ішінде 500-ден астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың кедергісіз дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалады. Әр сайлау учаскесінде пандустар, арнайы кабиналар орнатылған. Сонымен қатар, көз мүгедектеріне Брайль қарпімен жабдықталған материалдар бар. Қарашаның онынан бастап әр сайлаушыға шарырту таратылады, - дейді Сансызбай Төлеубаев.
Нұрлан Әбдіров сайлаудың әділ әрі ұйымдасқан түрде өткізу керектігін жеткізді. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау керектігін айтты. Сайлау учаскелері өкілдерінің айтуынша, ауыл халқының белсенділігі жоғары. Бесқауға ауылының дауыс берушілері саяси науқанған 100% қатысады. Ал Шідерті ауылында екі учаске бар. Елді мекенде үш мыңнан астам тұрғын болғандықтан, 20-шы қарашада екі учаске жұмыс істейді.
Жалпы, 20 қарашадан өтетін сайлаудан тыс президент сайлауында 528 учаске ашылады. Бүгінгі күнге дейін 510 мыңнан астам дауыс беруші тіркелген.