Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Freedom Holding Corp. компаниясы өңірде жасанды интеллект (ЖИ) инфрақұрылымын дамыту бойынша бірлескен жобаны іске асыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бастама аясында тәуелсіз ЖИ-хаб құрылып, ол NVIDIA-ның экзафлопстық есептеу инфрақұрылымына негізделмек. Жобаның мақсаты – Қазақстан мен Орталық Азияны жасанды интеллект саласында өңірлік көшбасшыға айналдыру.
Министрлік инфрақұрылымды орналастыру мен пайдалануға жағдай жасап, инженерлер мен ғалымдарды даярлауға бағытталған ЖИ академиясы мен ғылыми-зерттеу зертханасын ашуды қолдайды. Ал Freedom Holding Corp. жобаның негізгі инвесторы және операторы болады.
Инвестиция көлемі шамамен 2 миллиард долларды құрайды. Нысан қуаттылығы 100 МВт болатын энергиямен қамтамасыз етіліп, Қазақстан аумағында жүзеге асырылады.
NVIDIA компаниясымен ынтымақтастық – Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы ұлттық стратегиясын жүзеге асырудағы маңызды қадам. Бұл экономикамызды нығайтып, өңірлік бәсекеге қабілеттілікті арттырады, – деді Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Бірлескен жоба Қазақстан мен Орталық Азияда заманауи AI-экожүйесін құруға, инновацияны ілгерілетуге және жоғары білікті кадрлар даярлауға серпін береді деп күтілуде.
Қазақстанның әлемдік ЖИ нарығындағы орнын күшейтуге бағытталған осы бастаманың бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. NVIDIA-ның технологияларымен және Министрліктің стратегиялық көзқарасымен бірлесе отырып, өңірдегі инновациялардың дамуына үлес қосамыз, – деп мәлімдеді Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов.