«Орталық Азия - Ресей» саммиті немесе Астана екінші алаңға айнала ма?

13 Қазан 2022, 15:15
1824
Бөлісу:
«Орталық Азия - Ресей» саммиті немесе Астана екінші алаңға айнала ма?

Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы саяси өзгерістер, «Орталық Азия-Ресей» саммиті туралы халықаралық сарапшы Риззат Елубаев пікір айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соңғы уақытта Ресей Федерациясы Украинадағы қақтығысқа, ішкі экономикалық мәселелерге, Батыспен келіспеушіліктің орын алуына байланысты көптеген позицияларын жіберіп алды. Бұны халықаралық сарапшылар мен Ресейлік эксперттер мойындап отыр. Сондықтан да, Владимир Путиннің көздеген мақсаты – Орталық Азияны басты стратегиялық әріптесі ретінде танып, Ресейдің рөлін жаңдандыру, және оны ұмытып бара жатқан билік өкілдеріне сигнал ретінде ескерту. Алдағы уақытта Путин өзінің бұрынғы позициясына қайта келуді көздеп отыр, – дейді сарапшы.

Осыған дейін «Орталық Азия - Қытай», «Орталық Азия -Үндістан» т.б. секілді саммиттерді өткізудің мәнін Ресей президенті жақсы түсініп, аса қызығушылық танытып отыр дейді сарапшы.

«Орталық Азия - Ресей» саммиті алғаш рет өткелі отыр. Бұл саммитке қатысатын мемлекеттердің ортақ саясат, әлемдік саяси ахуалдарға байланысты көзқарастарын білдіруге үлкен алаң деп есептеуіміз керек. Және Украинаға қатысты да өзіндік позициялары бар. Сол себепті кеңес барысында Ресейге көп сұрақтар қойылмақ.

Сарапшы Ресей мен Қазақстан арасындағы саяси өзгерістер туралы да  айтты.

Қазақстанның өзіндік саяси жолы мен ұстанып отырған берік саясаты Ресейге ұнамаса да, Қазақстанның өзіндік дара жолының бар екендігін Владимир Путин мырза мойындаған секілді. Сондықтан да Ресей мен Қазақстан арасында аса күрделі өзгерістер болмайды. Осыған дейінгі кездесулер барысында екі ел президенті өз позицияларын айтқан. Және екі мемлекет те саяси-экономикалық мүдделерді қорғауға мүдделі екендіктерін аңғарып отыр. Сондықтан кеңес барысында саяси мәселелер бойынша алдағы уақытта екі жақты да қанағаттандыратын жолдар талқыланады. Және саммит Ресей тарапынан Қазақстанға көрсетіліп отырған ақпараттық қысымның азаюына септігін тигізеді деген ойдамын, – деді Риззат Елубаев

Сирия оқиғасы кезінде Қазақстан тараптарды татуластыру үшін Астана алаңын ұсынған болатын. «Орталық Азия - Ресей» саммиті барысында еліміз Ресей-Украина жағдайына қатысты екінші Астана алаңын ұсынуы мүмкін. Себебі Қазақстан әлемге бейбітшілігімен аты шыққан бірден бір мемлекет.

Өзгелердің жаңалығы