Орталық Азия минералдық ресурстарға бай: Өзбекстан инвестор тартуға басымдық беріп отыр

Өзбекстан геология саласын жаңғыртып, инвесторларға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр

 ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова Бүгiн 2026, 15:18
Бүгiн 2026, 15:18
97
Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Астанада өткен Geoscience & Exploration Central Asia: «Геология, ресурстар және Еуразияның болашағы» халықаралық форумында Өзбекстан Республикасы тау-кен өнеркәсібі және геология министрінің орынбасары Рустам Юсупов өңірдің минералдық-шикізат әлеуеті туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Спикердің сөзінше, бүгінде Орталық Азия елдері пайдалы қазбаларға бай өңірлердің бірі саналады.

Егер минералдық-шикізат әлеуеті туралы айтсақ, қазіргі таңда Орталық Азия елдері пайдалы қазбалардың елеулі қорына ие. Атап айтқанда, Өзбекстан минералдық байлық бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына кіреді. Біз сондай-ақ алтын, мыс және уран қоры бойынша белгілі бір орындарға иеміз, – деді Рустам Юсупов.

Оның айтуынша, елде геология саласын дамытуға бағытталған жаңа мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Бұрын негізгі назар қолда бар ғылыми деректер мен белгілі кен орындарын игеруге аударылса, енді басымдық инвестор тартуға беріліп отыр.

Мемлекет бастапқы геологиялық зерттеулер жүргізіп, перспективалы учаскелерді анықтайды. Одан кейін сол жобаларға инвесторлар тарту жоспарланып отыр. Негізгі назар алтын, мыс және уран сияқты ресурстарға аударылады, – деді ол.

Қазіргі таңда Өзбекстан аумағының шамамен 30 пайызы ғана зерттелген.

Спикер атап өткендей, сала инвестицияға, заманауи технологияларға және табиғи ресурстарды тиімді игеруге бағытталған жаңа кезеңге қадам басып отыр.

Сонымен қатар инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін бірқатар жаңа тетіктер ұсынылған.

Жер қойнауын пайдалануға арналған ставкаларды төмендету көзделіп отыр. Бұдан бөлек, инвесторларға салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, табыс салығы, мүлік және жер салығы, сондай-ақ су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемдер бойынша преференциялар беріледі. Сонымен қатар геологиялық барлау жұмыстарына қажетті жабдықтарды импорттау кезінде кедендік баждардан босату қарастырылған, – деді министрдің орынбасары.

Оның сөзінше, елде аса маңызды шикізат түрлерін дамытуға ерекше назар аударылуда.

2024 жылы президент қаулысымен жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге бағытталған арнайы акционерлік қоғам құрылған.

2025-2028 жылдар аралығында аса маңызды шикізат саласында жалпы құны шамамен 1,6 млрд долларды құрайтын 71 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар өнеркәсіп әлеуетін арттырып, қайта өңдеу саласын дамытуға бағытталған.

Бүгінде инвесторлар Орталық Азияны біртұтас перспективалы өңір ретінде қарастырады. Алайда елдердегі ережелер мен талаптар әртүрлі. Сондықтан осындай форумдар аясында инвесторлар мен жер қойнауын пайдаланушылар үшін бірыңғай тәсілдер мен ортақ ережелер әзірлеу маңызды, – деді ол.

Оның айтуынша, бұл қадам өңірдің жалпы инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Наверх