Орталық Азия елдерінің VIII халықаралық театр фестивалі басталды

2 Қараша 2022, 16:45
1358
Бөлісу:
Орталық Азия елдерінің VIII халықаралық театр фестивалі басталды

М.Әуезов атындағы  Қазақ ұлттық драма театрында жазушы-драматург Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған Орталық Азия елдерінің VIII халықаралық театр фестивалі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сегізінші рет өтіп жатқан фестивальге Қазақстан, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан мемлекеттерінің театрлары қатысып жатыр.

Фестивальге Қазақстан мен шет мемлекеттерден 60-қа жуық өтінім келіп түсті. Іріктеу комиссиясы 11 спектакльді таңдап алды. Театрлар бір апта бойы күн сайын екі спектакль қояды. Онымен қоса, жеке театрлар арасында SHOWCASE өтеді.  Алғаш рет театр суретшілерінің сценографтар көрмесі ашылады. Фестиваль жабылуында үздік театр ұжымдарына әр номинация бойынша марапаттар табыс етіледі. 

Фестиваль ең алғаш рет Алматыда өтті. Сегізінші рет өтіп жатқан бұл фестивальді Мәдениет және спорт министрлігі Мұхтар Әуезов театрына өткізуді тапсырды. Биыл  ұлы жазушымыздың 125 жылдығы екенін ескере отырып сол кісінің құрметіне өткізуге шешім қабылданды. Барлық театрды ешқандай тежеу салмай шақырдық. Алпысқа жуық өтінім келіп түсті. Бәйге болғаннан кейін әділ болсын деп жан-жақтан сарапшылар шақырдық. Қазақстаннан Асанәлі Әшімов ағамыз қазылық етеді. Қалғаны шетелдік сарапшылар. Фестивальде түрлі бағдарламалар бар. Соның бірі  – SHOWCASE. Мәдениет министрі Дәурен Абаевтың тапсырмасымен тек қана мемлекеттік театрлар өркендеп қоймасын, жеке меншік театрларға да көңіл бөлінсін деген ниетпен әлемнің он елінен театр продюсерлерін шақырдық, - деді М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.

Ол Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры қазіргі таңда әлемдегі еш театрдан кем емес екенін айтып, әлемдік аренаға шығу керек деген ұсыныс алғанын айта кетті. 

Дулат Исабековтың мерейтойында басқа елдерден келген шығармашылық ұжымдар қазақ авторының шығармасын сахналады. Қазақстан театрларын әлем елдері көретін мүмкіндік жасау үшін фестиваль өткізіп отырған жайымыз бар. Тақырып, жанр жағынан шектеу қоймадық. Ең жақсы деген спектакльдерді ұсынсын дедік. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан театры, түркі елдері қатыссын, ауқымы кеңейсін деген ниетпен Башқұртстан, Татарстан, Әзербайжанның театр ұжымдары қатысады. Бұл фестивальге әр елден орта есеппен жиырма адамнан келіп отыр, - деді Еркін Жуасбек.

Фестиваль Мұхтар Әуезовтың "Қарагөзімен" ашылды. Көрермендер мен қонақтарды қазақ драматургиясымен, Мұхтар Әуезовтің ұлы шығармасымен таныстыру үшін бұл фестивальдің шашу спектаклі деп атап өтті Еркін Жуасбек.

Театр мейрамына қош келдіңіздер. Бүгіннен бастап бірнеше елдің спектаклін көріп, қызықтайсыздар. Қонақтарымыз, біздің театртанушы, театрдың тееоритиктері қойылымдарды көріп, талқылап қорытынды шығарады. Театрлар бір-бірінің спектакльдерін көреді. Бұл сізге де, бізге де пайдалы. Әуезовтің 125 жылдығына арналған халықаралық театр фестивалі құтты болсын, - деді Асанәлі Әшімов.

Сонымен қатар, фестивальде театртанушы, өнертану докторы, Әзірбайжан Мемлекеттік Мәдениет және Өнер университетінің профессоры Исрафилов Исрафил Рамазанұлы, театртанушы, өнертану докторы, профессор, Өзбекстан Көркемсурет академиясының "Саньат" журналының бас редакторы Қадырова Диляфруз Мухсинқызы, театртанушы, өнертану кандидаты, «Петербург театр журналының» бас редакторы, Ресей мемлекеттік сахна өнері институтының орыс театры кафедрасының профессоры Дмитревская Марина Юрьевна  қазылық етеді.

Фестиваль құрылтайшысы – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет Комитеті болып табылады. Мақсаты – Орталық Азия елдері мен түркітілдес мемлекеттердің  театр өнері саласындағы ынтымақтастығы мен достық байланыстарын нығайтып,  театр өнерінің  көркемдік көкжиегін кеңейту,  ізденістерді қолдау, шығармашылық идеялар алмасу, Орталық Азия театрларының біртұтас кеңістігін жасауға бет бұру. Фестивальға Қазақстан, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан театрлары қатысып, өнер көрсетеді.  

Өзгелердің жаңалығы