Орталық Азия елдерінің Сыртқы істер министрлері Бішкекте бас қосты

29 Қараша 2023, 23:36
578
Бөлісу:
Орталық Азия елдерінің Сыртқы істер министрлері Бішкекте бас қосты
Фото: gov.kz

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров БҰҰ-ның Орталық Азия үшін алдын-алу дипломатиясының аймақтық орталығы (UNRCCA) Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырған Орталық Азия елдері сыртқы істер министрлері орынбасарларының 13-ші жыл сайынғы кездесуіне қатысты.

Іс-шараның мақсаты халықаралық күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымы бойынша оқиғалар мен үрдістер туралы пікір алмасу, оның ішінде Орталық Азия елдерінің қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға үлесі, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің UNRCCA-мен өзара іс-қимылы болды.

Қ. Омаров өз сөз сөйлеуінде Орталық Азия елдерімен, оның ішінде UNRCCA-мен өзара іс-қимылда, аймақтық ынтымақтастықты дамытуды және нығайтуды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Қатысушылар БҰҰ шеңберінде және ұлттық деңгейде терроризмге, экстремизмге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы тұруға Қазақстанның үлесі туралы хабардар болды. Орталық Азия елдерінің БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Терроризмге қарсы жаһандық стратегиясын жүзеге асыру бойынша Бірлескен іс-қимыл жоспарына, «Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмге орнықтылықты күшейту» (STRIVE Asia) бағдарламасына, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Орталық Азия мен Ауғанстандағы және көршілес елдердеге арналған бағдарламаларына, сондай-ақ Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия ақпараттық үйлестіру орталығының (CARICC) қызметін күшейтуге қатысуды жалғастыру қажеттілігіне назар аударылды.

Қ. Омаров Ауғанстандағы бейбітшілік пен қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, су ресурстар тапшылығы мәселелеріне, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласында қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі бойынша Орталық Азия елдері үшін Жобалық кеңсесін құру бастамасына және 2026 жылы Қазақстанда БҰҰ қамқорлығымен Өңірлік климаттық саммит өткізуіне ерекше тоқталды.

Сонымен қатар, аталған іс-шараға БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі және БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу миссиясының басшысы Роза Отунбаева қатысып, қатысушыларды осы елдегі жағдаймен таныстырды.

Қалыптасқан дәстүр бойынша іс-шара шеңберінде «Жастар көшбасшыларымен диалог» ұйымдастырылды, онда Орталық Азияның бес елінен келген UNRCCA Алдын-алу дипломатия академиясының қатысушылары Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты тереңдету бойынша өз көзқарастарын ұсынды.

Жалпы алғанда, іс-шараға қатысушылар Орталық Азиядағы қауіпсіздік және Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру мәселелері бойынша бірқатар бастамалар мен ұсыныстар жасады.

Өзгелердің жаңалығы