Орталық Азия елдері Дубайда өтетін конференцияға дайындалып жатыр

7 Қараша 2023, 16:01
783
Бөлісу:
Орталық Азия елдері Дубайда өтетін конференцияға дайындалып жатыр

30 қараша мен 12 желтоқсан аралығында БАӘ астанасы Дубайда БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі бойынша негіздемелік конвенциясы (COP-28) тараптарының 28-ші конференциясы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Астанада осы конференцияға дайындық ретінде «5 ел – 1 аймақ – 1 дауыс» аймақтық форумы өтіп жатыр.

Бүгінгі форумда климаттың өзгеруі мәселелеріне басымдық беріледі. Орталық Азияның 5 мемлекетінен Экология және қоршаған ортаны қорғау министрліктерінің өкілдері қатысады. Бұл форум екі сессиядан тұрады. Бірінші сессия Орталық Азиядағы климаттың өзгеруіне бағытталса, ал екінші сессия экологиялық мәселелерді шешуде халықаралық ұйымдардың рөлі туралы болады, - деді Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының баспасөз хатшысы Индира Жұмагелді.

Ол сондай-ақ осы форум аясында Орталық Азия мемлекеттері аймақтағы климаттың өзгеруіне бейімделу жөнінде стратегияның және Орталық Азия елдерінің өңірлік мәлімдемесінің жобаларын әзірлейтінін айтты.

COP-28 конференциясында Орталық Азия елдерінің павильоны жұмыс істейді. Павильонда экономиканы декарбонизациялау, жасыл қаржыландыру жүйесін дамыту, көміртегі нарықтары, биосаналуандылықты сақтау, су секторын қоса алғанда, климаттың өзгеруіне бейімделу тақырыптары бойынша іс-шаралар ұйымдастырылады, - деді Индира Жұмагелді.

Ал Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Дубайда болатын конференциядан жасыл технологиялар мен инвестицияларды алып келу және ЖЭК дамыту саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған бірқатар келісімдерге қол қою жоспарланғанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы