Өрт сөндірушілердің жалақысы көбейеді - вице-министр

19 Қазан 2022, 13:25
1498
Бөлісу:
Өрт сөндірушілердің жалақысы көбейеді - вице-министр

Бұл туралы Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі жалақы жетеді деп айта алмаймыз. Біздің өрт сөндірушілердің ең төменгі жалақысы 110-108 мың теңгенің маңайында, егер тәжірибесіне сай, орташа есеппен алсақ, 200 мыңнан асады. Келесі жылы Үкімет басшысының қолдауымен бюджет қарастырылады. Біз өрт сөндірушілердің орташа жалақысын 40 пайызға көбейтуді көздеп отырмыз. Ол 2023 жылы қаңтар айынан бастап төлене бастайды, - деді ол орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ спикердің айтуынша, елімізде өрт сөндіруші маман қызметі тапшы емес.  

Бізде бос жұмыс орындарына 10 пайызға да жетпейді. Бізге жұмысқа тұру үшін 18 жасқа толған азаматтарымыз бен орта мектеп бітірген азаматтар жұмысқа тұра алады.  Жұмысқа тұрған бетте дайындық жұмыстарын өткізеді. Әр облысымызда азаматтық қорғау академиясының филиялдары ашылған. Сонда дайындық мерзімін өтегеннен кейін жұмысқа кіріседі. Қазір өрт сөндіру қызметінде көп тапшы емес, - деді Ибрагим Күлшімбаев.

Еліміздегі құтқарушыларға қандай әлеуметтік көмектер көрсетіледі? - деген сұраққа жауап берді.

Еліміздің заңнамасына сай, бүкіл жағдай қарастырылады. Өзінің алып отырған еңбекақысына қоса еңбек демалысының ақысы беріледі. Және де, жұмысында қандай да жарақат алып қалған кезде де көмек көрсетіледі. Ол тек азаматтың өзіне емес, жақындарына да берілмек. Біз бұл әлеуметтік жағдайды заң аясында қарастырып жатырмыз, - деді вице-министр. 

Өзгелердің жаңалығы