Қоршаған ортаны қорғау – өзіңнен басталады

5 Маусым 2020, 09:30
9179
Бөлісу:
Қоршаған ортаны қорғау – өзіңнен басталады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 5 маусым  - Дүниежүзілік  экологтар және қоршаған ортаны қорғау күні. Бұл күннің мақсаты – қоршаған ортаның айтулы проблемаларына әлемдік қауымдастықтың назарын аудару және адамзат баласының қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімін ояту.

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні 1972 жылдың маусымында қоршаған орта проблемалары жөніндегі Стокгольм конференциясының қарарына сәйкес бекітілді. Біріккен Ұлттар Ұйымы өз жүйесіндегі барлық мемлекеттер мен ұйымдарды жыл сайын осы күні олардың қоршаған ортаны қорғауға және оны жақсартуға деген ұмтылыстарын көрсететін түрлі іс-шараларды өткізуге шақырады.

Табиғатты қорғап, экологияның бүлінбеуін қадағалап жүрген маманның бірі – полиэтилен өнімінің зиянсыз баламасы болып келетін биопакет өндірісімен айналысатын "ULY DALA" Әлеуметтік жобасы мен "Биопакет – болашаққа деген қамқорлықпен" сауда маркасының негізін салушы Мирас Аббасов.

айс.jpeg


Бүгінде экология ғылымы қарқынды түрде даму үстінде. Сондықтан, әлем қоғамдастығында адам қай жаста болмасын, экологияны оқып-зерттеуіне қатысу идеясы туындап жатқанын көреміз. Жыл сайын БҰҰ бүкіл әлемді экологиялық білім деңгейін көтеруге үндейді. Мұндай білімнің қажеттілігі сонша, адамның денсаулығы, өмір сүру дағдысы оның қоршаған ортасына тікелей байланысты. Өйткені, экология мәселесі көп проблемаларды қамтиды және де шеше алады. Экология негіздерін білу - кез келген қоғам үшін саналы өмір сүруге, өзін табиғаттың бір бөлігі екенін сезінуге және таза қоршаған орта үшін күресуге көмектеседі. Сондықтан, бәрімізге экологиялық жүйелер қалай дамитынын және қалай қызмет ететінін білу қажет. Жер шарының әрбір тұрғыны экологиялық білім негіздерін білуге міндетті, - дейді ол.

айс1.jpeg

"ULY DALA" әлеуметтік жобасы – бұл компаниялар тобы. Жобаның негізгі мақсат-міндеттері – эко-тауарлардың өндірісі: био орамалар және крахмалдан жасалған брендке айналған биопакеттер өндіру, табыстың бір бөлігін ағаштарды отырғызу және рұқсатсыз төгілген қоқысты жинауға және экологиялық жағынан жауапты өмір салтын насихаттауға арналған іс-шаралар ұйымдастыру, мүгедек адамдарды оқыту және жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлік іс-әрекеті бойынша ақпараттық компаниялар мен курстар өткізу.

Есту кемістігі бар азаматтарды оңалту мәселесіне тоқталсам, бұл іс-шаралар тегіс қамти алатындай жүйелі түрде болуы тиіс. Сонда ғана осындай азаматтарды қанағаттандыратын жағдай пайда болады деп айтуға болады. Осы жағдайда олардың гуманитарлық және әлеуметтік салалардағы құқықтары есепке алынуы керек. Әдетте, мұндай категорияға жататын адамдарға аса көңіл бөлінбеген және олардың жеке ерекшеліктері мен қызығушылығы ескерілмейтінін байқаймыз. Есту кемістігі бар адамдар – бұл қоғамдағы кәдімгі субмәдениет екенін түсінуіміз керек және олардың проблемалары мен қажеттіліктерін шешуді саналы түрде қарастыру қажет, - дейді Мирас Аббасов.

"Эко Амбассадор – 2020" атанған белсенді Мирас Аббасов өзі негізін қалаған биопакет өндірісіне қатысты, бұл пакеттердің адам денсаулығына зиян келтірмейтінімен қоса, топырақтағы микроағзалардың азығы болып табылатынын айтады.

Биопакет – "OK Compost HOME" еуростандартына сәйкес келетін, өсімдік шикізатынан жасалған. Биопакеттер адам денсаулығына зиян келтірмейді, бұл азық-түлік өнімдерін ұзақ сақтауға мүмкіндік береді және қоршаған ортаға да келтіретін зияны жоқ. Биопакет ыдыраған кезде уытты болмай, топырақтағы микроағзалардың азығы болып табылады, - дейді ол.
айс4.jpeg

Табиғат-ананы қорғау бағытында тынбай еңбектеніп жүрген азаматтардың тағы бірі – Әсел Құспанова. Мамандығы бойынша журналист, экология саласына қатысы болмаса да бұл бағыттағы шараларға бей-жай қарай алмаған.

Бұл салаға ешбір қатысым да, білімім де жоқ. Мүмкін әлеуметтік жауапкершілік болар. Жалпы, экологияға қызығушылығым 2018 жылдың күзінен басталды. Ең алдымен, өзімнен бастадым, үйде қоқысты бөлуді әдетке айналдырдым, кейбір қажетсіз дүниелерді қолданудан бас тарттым. Одан кейін өзімнің журналистік әдетіме салып, бұл бағытта ақпарат іздеп, саралауды қолға алдым. Жинаған ақпаратты адамдарға жеткізу қолымнан келетінін байқаған сәтте, қасыма жақындарым, туыс-ағайын, тамыр-таныс, достарым қосылды. Мұның соңы экологиялық белсенді, ерікті қызметіне алып келді. Жақында "Эко Амбассадор" атандым. 2019 жылдың наурыз айында "Экоклуб Спарта Астана" атты экоқозғалыстың негізін қаладым, - дейді ол.

Әсел Құспанова бұл бағыттағы жұмыстарға өзінің әпкесі түрткі болғанын айтады.

айс2.jpeg

Туған әпкем Алматыда тұрады. Ол экология бағытындағы қызметті менен бұрын бастады. Біз екі қалада тұрғандықтан, жиі кездесе де бермейміз. Бірақ, ара-тұра сөйлескенде, интернеттен қызметін байқап қалып жүрдім. Одан кейін "Қоқыс" атты деректі фильм көрдім. Дәл осы фильм менің экологияға түбегейлі бет бұруымның нүктесін қойды. Осылайша, табиғатты қорғауға араласып кеттім. Себебі, "жалғыздың үні шықпас", дегендей бұл мәселемен жалғыз күресу қиын, - дейді ол.

айс3.jpeg

Еріктінің айтуынша, бүгінде ең маңызды мәселелер бұл – санкцияланбаған қоқыс аймақтары, мәдениеттің кемшіндігі, жай ғана пластик өнімдерін саралаудағы қандай да бір заңдық нормалардың жоқтығы.

Сонымен қатар, өнім өндірушілеріне қатысты қаптама жасаудағы тағы сол заңдық нормалардың жоқтығы да үлкен мәселе. Тым болмаса, өнімді қаптау барысында қайта өңдеуге жіберілмейтін қаптаманы қолдануға заңмен тыйым салынса, мұның өзі табиғатқа жасалған үлкен көмек болар еді. Дәл осы қайта өңдеу бойынша, біздің елде 80% қайта өңдеудің тек 10-12%-ы ғана өңделеді екен. Сондай-ақ, мен өңірлерге жиі барамын, сонда байқағаным, елді мекендерде қоқысқа арналған аймақтардың жоқтығы, - дейді ол.
айс4.jpeg

Әсел Құспанова экоқозғалыстың негізгі миссиясы – қаланың тазалығын сақтау, табиғатқа ұқыптылықпен қарау, сондай-ақ, сенбіліктерді өткізудің маңыздылығы туралы өзекті ақпаратпен бөлісу екенін айтады.

айс6.jpeg

Қала тұрғындарын қалдықтарды бөлек жинау тақырыбына және екінші шикізатты, басқа да қалдықтарды қабылдау пункттері туралы экологиялық шараларға белсенді қатысуға шақырамыз. Әлеуметтік желілерде табиғатты аялап ұстаудың маңыздылығына қатысты жазбалар арқылы кейбір адамдардың мәдиениеттілігін арттыруға тырысамыз. Түрлі компанияларда, мектептер мен жоғары оқу орындарында шеберлік сағаттарын, лекциялар мен презентациялар өткізу де біздің мақсатымызға кіреді, - дейді ол.
айс8.jpeg

"Әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста" деген қағиданы ұстанатын Әсел Құспанова табиғатты қорғау жолында қандай да бір үлес қосқың келсе, үйде қоқысты бөлуден бастасаң да үлкен көмек екенін айтады. 

айс9.jpeg



Өзгелердің жаңалығы