Ормуз бұғазы және мұнай нарығы: Иранның нақты ықпалы қандай?

Иранның нақты мүмкіндігі мен мұнай бағасына әсері.

 navostok.org 22 Ақпан 2026, 13:35
22 Ақпан 2026, 13:35
908
Фото: navostok.org

Әлемдік мұнай нарығында Ормуз бұғазының жабылуы мүмкін деген қауіп мезгіл-мезгіл қайта көтеріліп тұрады. Бұл тақырып геосаяси шиеленістер күшейген сайын жиі талқыланып, мұнай бағасының болашағына қатысты басты факторлардың бірі ретінде аталады. BAQ.KZ тілшісіне мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов бұл сценарийдің жүзеге асу ықтималдығы төмен екенін айтты.  Оның пайымдауынша, мұндай қадам Иранның өзіне де, бүкіл аймаққа да ауыр салдар әкелуі мүмкін.

Шынайы қатер ме, әлде саяси қысым құралы ма?

Олжас Байділдиновтың айтуынша, Ормуз бұғазын жабу туралы әңгіме ара-тұра көтерілгенімен, бұл көбіне ықтимал қауіп ретінде ғана айтылады.

Ормуз бұғазын жабу туралы әңгіме мезгіл-мезгіл айтылып тұрады. Мен бұл туралы бұрын да айтқанмын: бір қарапайым себепке байланысты бұған ешкім бара қоймайды, – дейді сарапшы.

Түсіндіруінше, бұл мәселенің тек саяси емес, техникалық жағы да күрделі.

Біріншіден, техникалық жағынан мұны жүзеге асыру өте қиын. Әрине, бұғаздың ені шамамен 130 шақырым болатын тар бөлігінде кемелерді зымыранмен атқылауға да, тіпті миналап тастауға да болады. Мұндай нұсқаларды әскери сарапшылар да айтып жүр. Бірақ бұл – тек теориялық мүмкіндік, – дейді ол.

Сарапшының пайымдауынша, техникалық мүмкіндіктің болуы оны міндетті түрде іске асыруға болады дегенді білдірмейді.

"Иран оқшау өмір сүріп отырған жоқ"

Басты фактор – Иранның геосаяси жағдайы. Ол жалғыз мемлекет емес, оның айналасында өз мүддесі бар көптеген елдер орналасқан.

Иран оқшау өмір сүріп отырған жоқ, оның айналасында басқа мемлекеттер бар. Қазіргі таңда Парсы шығанағындағы елдер, менің түсінуімше, керісінше АҚШ пен оның одақтастарын әскери соққы жасаудан бас тартуға шақырып отыр, – дейді сарапшы.

Яғни өңір елдері әскери сценарийдің салдарын жақсы түсінеді.

Себебі мұндай әрекет бүкіл өңірді дағдарысқа ұрындыруы мүмкін. Иран – шамамен 90 миллион халқы бар мемлекет. Егер тұрақсыздық күшейіп, босқындар легі басталса, бұл ешкімге жақсылық әкелмейді, – деп атап өтті Олжас Байділдинов.

Ливияның тағдыры – өңір үшін сабақ

Сарапшының мұндай жағдайдың нақты мысалы ретінде Ливияны келтіруге болатынын алға тартты. Оның пайымдауынша, әскери араласу елді ұзақ мерзімді тұрақсыздыққа алып келген.

Мұның айқын мысалы – Ливия. Жиырма жыл бұрын әскери операция басталған кезде, ақырында ел ұзаққа созылған азаматтық соғыс жағдайында қалды. Ел бірнеше ықпал аймағына бөлініп, олардың арасында қарулы қақтығыстар тоқтаған жоқ, – дейді ол.

Оның айтуынша, мұндай жағдай экономикалық салдарға да әкелген.

Мұнай өндірісі күрт төмендеді. Орталық үкімет болғанымен, кейбір аумақтарды іс жүзінде бақылай алмай отыр. Жалпы алғанда, ел тұрақсыздық ошағына айналды, – деп түсіндірді сарапшы.

Сондықтан, оның пайымдауынша, ешкім Иранның да дәл осындай сценариймен бетпе-бет келгенін қаламайды.

Бұғазды жабу Иранның өзіне де тиімсіз

Олжас Байділдинов Иран мұндай қадамға барса, бұл оның өзіне қарсы жаңа коалицияның қалыптасуына әкелуі мүмкін деп отыр.

Егер Иран бұғазды жабу немесе кемелерді бомбалау сияқты ашық әскери әрекеттерге барса, онда Парсы шығанағындағы барлық монархиялар оған қарсы бірігеді, – дейді ол.

Бұл тек қазіргі билікке ғана емес, болашақ саяси күштерге де ауыр салдар әкелуі мүмкін.

Мұндай жағдайда қазіргі билікке де, кейін келетін күштерге де оңай болмайтыны анық, – дейді Олжас Байділдинов.

Осы себепті бұғазды жабу туралы мәлімдемелер көбіне психологиялық қысым құралы ретінде айтылады.

Сондықтан бұл көбіне қорқыту үшін айтылатын сөз ғана, іс жүзінде ешкім бұғазды жаппайды, – дейді сарапшы.

Экологиялық және экономикалық тәуекелдер

Сарапшы бұғаз маңындағы елдердің өздері де мұндай сценарийге қарсы деп атады.

Біздің бәрімізге жақсы таныс Біріккен Араб Әмірліктері осы бұғаздың маңында орналасқан. Егер экологиялық апат болса, оның салдары Әмірліктердің жағажайларына да әсер етуі мүмкін, – дейді спикер.

Яғни бұл тек әскери қауіппен шектелмейді.

Әскери және экономикалық шығындардан бөлек, туризм саласы да үлкен зардап шегеді, – деп атап өтті сарапшы.

Сондықтан Иран мұндай тәуекелге бара қоюы екіталай.

Сол себепті Иран мұндай қадамға барады деп ойламаймын, – дейді Олжас Байділдинов.

Мұнай бағасы нақты қауіптің бар-жоғын көрсетеді

Сарапшы мұнай нарығы тәуекелдерге бірден реакция беретініне назар аударды. Бұл қазіргі жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін бағалауға жол ашады.

Мұнай бағасы, әрине, кейде жоғарылап, кейде төмендеп тұрады. Бірақ жалпы алғанда, мұндай қауіптің қазір жоқ екенін бәрі түсінеді, – дейді ол.

Егер қауіп нақты болғанда, нарықтағы баға мүлде басқа деңгейде болар еді.

Егер нақты қауіп болғанда, мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асып кетер еді, – деп түйіндеді Олжас Байділдинов.

Олжас Байділдиновтың пайымдауынша, Ормуз бұғазының жабылуы туралы әңгімелер көбіне геосаяси қысым мен ықтимал қауіп ретінде айтылғанымен, бұл сценарийдің жүзеге асу ықтималдығы төмен. Мұндай қадам Иранның өзіне де, бүкіл аймаққа да ауыр салдар әкелуі мүмкін. Сонымен қатар өңір елдерінің өздері де әскери шиеленістің ушығуына қарсы. Сарапшының пікірінше, қазіргі мұнай бағасының динамикасы да нақты қауіптің жоқ екенін көрсетіп отыр.

Наверх