Ормуз бұғазы мен Иран саясаты: Қазақстан экономикасына қандай қауіп бар?

Иранның аймақтық саясаты көрші елдердің экономикалық байланыстарына тікелей ықпал етіп отыр.

 ©BAQ.KZ коллажы Кеше 2026, 07:30
Кеше 2026, 07:30
759
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Ирандағы қазіргі саяси режим Қазақстан үшін экономикалық тұрғыдан тиімді емес. Себебі бұл жағдай еліміздің оңтүстік бағыттағы сауда және логистикалық мүмкіндіктерін шектеуі мүмкін. Мұндай пікірді саясаттанушы Риззат Тасым айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының айтуынша, Иранның аймақтық саясаты көрші елдердің экономикалық байланыстарына тікелей ықпал етіп отыр.

Иранда өшпенділікке негізделген саяси режимнің болуы Қазақстан үшін тиімді емес. Бұл біздің оңтүстік бағыттағы сауда-логистикалық дәліздерімізге белгілі бір кедергі келтіреді. Себебі Иранның саясаты аймақтағы көршілеріне әсер етеді. Еркін инвестиция тарту мен сауда айналымына қатысты бірқатар шектеулер байқалады, – деді саясаттанушы.

Сонымен қатар сарапшы қазіргі жағдайда Қазақстан балама бағыттарды дамытуға басымдық беруі тиіс екенін атап өтті.

Мұндай жағдайда Қазақстан Орта дәлізді дамытуға ерекше мән беруі керек. Бұл біздің сауда бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді, – деді ол.

Ормуз бұғазы: Иран үшін де тәуекел

Риззат Тасым Ормуз бұғазын жабу туралы ықтимал шешімнің Иранның өзіне де тиімсіз болуы мүмкін екенін айтты.

Ормуз бұғазын бөгеу – эмоцияға беріліп қабылданған шешім болуы мүмкін. Бірақ бұл бұғаз Иранның өзі үшін де маңызды. Өйткені осы бағыт арқылы ел мұнай экспорттайды. Сонымен қатар бұғаз жаһандық экономикаға әсер ететін негізгі факторлардың бірі, – деді сарапшы.

Оның пікірінше, бұғазды ұзақ уақытқа жабу Иран экономикасына да кері әсер етуі ықтимал.

Иран экономикасы әлі де мұнайға тәуелді. Экономиканың толық диверсификациясы жүргізілген жоқ. Табыстың басым бөлігі мұнай мен уран экспортына байланысты. Сондықтан бұғазды ұзақ уақыт жабық ұстау Иранның өзіне де ауыр соққы болуы мүмкін, – деді саясаттанушы.

Ядролық қауіп туралы болжам

Сарапшы Иранның ядролық қаруға қатысты ұстанымы да халықаралық қауымдастық үшін маңызды фактор екенін айтты.

Иранның ядролық қаруды қолдану ықтималдығын толық жоққа шығаруға болмайды. Себебі бұл елдің уранды байыту бағдарламасы ұзақ уақыттан бері жалғасып келеді. Қазіргі билік ядролық қаруға қол жеткізу мақсатын бірнеше рет мәлімдеген, – деді Риззат Тасым.

Оның айтуынша, бұл саясат тек қорғаныс мақсатымен ғана емес, аймақтағы геосаяси ықпалын күшейту құралы ретінде де қарастырылуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін BAQ.KZ-те АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс тек әскери текетірес емес, әлемдік экономикаға әсер ететін геосаяси дағдарысқа айналғаны туралы жазылған болатын.

Қақтығыс басталған кезде Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 120 долларға дейін көтеріліп, кейін АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесінен соң уақытша төмендеген.

Сарапшылар бұл соғыстағы негізгі мәселе – қай тарап ұзақ уақыт бойы экономикалық және әскери ауыртпалыққа шыдай алатынында екенін айтады.

Сонымен қатар Ормуз бұғазы аймақтағы ең маңызды стратегиялық нүктелердің бірі саналады, өйткені әлемдік мұнай мен газ саудасының шамамен 20 пайызы осы бағыт арқылы өтеді.

Наверх