Иран БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне және Халықаралық теңіз ұйымына "дұшпан емес кемелер" Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз өте алатынын мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігі Иран СІМ-нің нотасына сілтеме жасап мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Иран тиісті нотаны БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 15 мүшесіне және Бас хатшы Антониу Гутерришке жолдап, кейін оны Лондонда орналасқан теңіз қатынастарына жауапты БҰҰ агенттігінің 176 мүшесіне таратқан.
Құжатта айтылғандай, әскери емес кемелер, соның ішінде басқа мемлекеттерге тиесілі немесе олармен байланысты кемелер, егер олар Иранға қарсы агрессияға қатыспаса және оны қолдамаса, сондай-ақ белгіленген қауіпсіздік талаптарын толық сақтаса, Ормуз бұғазы арқылы Иранның құзырлы органдарымен келісім негізінде қауіпсіз өте алады.
Иран өз кезегінде агрессорлар мен олардың одақтастарының Ормуз бұғазын Иранға қарсы әрекеттер үшін пайдалануына жол бермеу мақсатында "қажетті әрі пропорционалды шаралар" қабылдағанын атап өтті.
Сонымен қатар, АҚШ пен Израильге тиесілі немесе солармен байланысты кемелерге, сондай-ақ "агрессияға қатысушыларға" бейбіт немесе бейтарап өтуге рұқсат берілмейтіні айтылды.
Reuters мәліметінше, шиеленіс аясында әлемдік мұнай мен сұйытылған газдың шамамен бестен бірі өтетін Ормуз бұғазы арқылы тасымал іс жүзінде тоқтап, нарықта іркілістер туындаған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазы жақын арада ашылуы мүмкін екенін, егер АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер сәтті өтсе, жағдай тұрақталатынын айтқан. Кейін ол журналистерге АҚШ-тың Ирандағы "дұрыс адамдармен" келіссөз жүргізіп жатқанын және "бұл соғыста жеңіске жеткенін" мәлімдеді.