- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Орманнан өндіріске дейін: Жеті жылда экология саласында не өзгерді?
Орманнан өндіріске дейін: Жеті жылда экология саласында не өзгерді?
Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесі 30,6%-ға жетті.
22 Қазан 2026, 07:30
Қазақстанда соңғы жеті жылда орман қорының аумағы 850 мың гектарға ұлғайып, ең ірі 50 кәсіпорынның ластаушы заттар эмиссиясы 148 мың тоннаға азайды. Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесі 30,6%-ға жетті. Сонымен қатар елде жолбарыс пен Пржевальский жылқысын табиғи мекеніне қайтару жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы кезеңде экология саласының заңнамасы жаңартылып, табиғатты қорғау ұйымдарының техникалық мүмкіндігі кеңейді. Кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін бақылауға цифрлық жүйелер енгізіліп, тұрғындардың экологиялық мәселелер туралы хабарлауына мүмкіндік беретін сервистер іске қосылды.
Экологиялық талаптар қалай өзгерді?
Соңғы жеті жылда жаңа Экологиялық кодекс пен «Өсімдіктер дүниесі туралы» заң қабылданды. «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы және Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы бекітілді.
Үкімет Қазақстанның климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық іс-қимылға 2035 жылға дейінгі ұлттық деңгейде айқындалатын үлесін де бекітті.
Мемлекеттік жоспарлау құжаттарына стратегиялық экологиялық бағалау жүргізу тетігі енгізілді. Бұл жоспарлар мен бағдарламаларды әзірлеудің бастапқы кезеңінде олардың қоршаған ортаға ықтимал әсерін ескеруге мүмкіндік береді.
Жануарларды қорғау бағытында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» және иттердің қазақы тұқымдарын сақтау мен өсімін молайтуға қатысты заңдар қабылданды. Сондай-ақ биологиялық әртүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану жөніндегі 2025-2035 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілді.
Орман аумағы ұлғайып, өртті ерте анықтау жүйесі енгізілді
Жеті жылда елдің орман қоры 850 мың гектарға ұлғайды. Қазақстан аумағының орманмен көмкерілген үлесі 5,15%-ға жетті.
Мемлекеттік орман қорының 1 млн 74 мың гектар аумағына 1 млрд 648,4 млн ағаш отырғызылды. Ал 2021-2025 жылдары елді мекендерде 18,1 млн ағаш егілді. Осылайша Мемлекет басшысының елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы толық орындалды. Арал теңізінің құрғаған табанындағы 1,1 млн гектар аумақта орман-мелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Орманды өрттен қорғау мүмкіндігі де кеңейді. Авиациямен күзетілетін аумақ 782 мың гектарға ұлғайып, 9 млн 651 мың гектарға жетті. Бұған қоса, 3 млн гектардан астам аумақта орман өрттерін ерте анықтау жүйесі енгізілді.
Табиғатты қорғау ұйымдарының материалдық-техникалық жарақтану деңгейі 58%-дан 92%-ға дейін артты. Өрт сөндіруге және патрульдеуге арналған 2 204 техника сатып алынды. Оның ішінде 463 өрт сөндіру көлігі, 540 шағын орман өрті кешені, 866 трактор және 335 патрульдік әрі жүк көлігі бар. Орман және табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлерінің орташа жалақысы екі еседен астам өсті. 2019 жылы ол 120 мың теңге болса, 2026 жылы 250 мың теңгеге жетті.
Ірі кәсіпорындардың эмиссиясы азайды
Өндірістің қоршаған ортаға әсерін азайту бағытында ең үздік қолжетімді техникалар бойынша 23 анықтамалық және оларға қатысты 23 қорытынды бекітілді. Өндірісті жаңғырту мен осы техникаларды енгізуді көздейтін 36 кешенді экологиялық рұқсат берілді. Қазір 90 ірі кәсіпорында эмиссиялар туралы деректерді нақты уақыт режимінде беретін автоматтандырылған мониторинг жүйелері жұмыс істейді. Ал ең ірі 50 кәсіпорынның ластаушы заттар эмиссиясының көлемі 148 мың тоннаға, яғни 7,2%-ға азайды. Экологиялық құқық бұзушылықтарға жедел ден қою үшін І және ІІ санаттағы нысандарға қатысты экологиялық бақылау тетігі енгізілді. Сонымен қатар Қоршаған ортаның және табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі іске қосылды. Онда экологиялық ақпарат, соның ішінде кәсіпорындардағы автоматтандырылған мониторинг жүйелерінен түсетін мәліметтер жинақталады.
Қалдықтарды қайта өңдеуге қаржы бөлінді
Қазақстанда радиоактивті қалдықтарды қоспағанда, қалдықтардың барлық түрін басқарудың 2025-2035 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Қалдықтарды басқару жобаларын 185 млрд теңгеге жеңілдікпен қаржыландыру есебінен қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесі 30,6%-ға жетті. Қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кәдеге жарату төлемі есебінен де жүргізіліп жатыр. Алматы, Астана және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергия өндіру үшін кәдеге жарату жобалары бойынша үш инвестициялық келісімге қол қойылды. Олардың жалпы инвестиция көлемі 293,3 млрд теңгеге жетті. Заңсыз қоқыс орындарын анықтауға арналған ғарыштық мониторингтің ауқымы да кеңейді. Онымен қамтылған елді мекендер саны 16-дан 46-ға дейін өсті.
Экологиялық бақылауға жасанды интеллект қосылады
Экология саласында Бірыңғай экологиялық портал әзірленді. Tabigat.gov.kz интерактивті картасы негізінде табиғи ресурстардың мемлекеттік кадастрын жүргізу қамтамасыз етілді. Жалпы қамту аумағы 3,7 млн шаршы шақырымнан асатын картада мемлекеттік орман қоры мен өзге де табиғи нысандардың шекаралары көрсетіледі. Кешенді экологиялық рұқсат беру кезінде адами фактордың ықпалын азайту үшін «Сфера-Контроль» жүйесі қолданылады. Оның көмегімен экологиялық есептеулер, кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін бағалау және болжау цифрлық форматқа көшірілді. Жасанды интеллект негізіндегі EcoAgent жүйесі де енгізіліп жатыр. Ол ауқымды экологиялық ақпаратты талдап, ықтимал тәуекелдер мен ауытқуларды анықтайды және шешім қабылдауға қажетті талдамалық мәліметтер әзірлейді.
Каспийді зерттеу және Жайықты сақтау
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылы «Каспий теңізінің қазақ ғылыми-зерттеу институты» жұмысын бастады. Институт Каспийдің қазақстандық бөлігінде қоршаған ортаға мониторинг жүргізіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламасы аясында өзеннің жылдық ағын көлемі 7,82 текше шақырымға дейін ұлғайғаны көрсетілген.
«Таза Қазақстан»: 6,9 млн адам қатысты
«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыс экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, жауапты мінез-құлықты орнықтыруға және экологиялық білім беруге бағытталған.
Биылғы өткен кезеңде 753 экологиялық іс-шара өткізілді. Олардың қатарында «Таза аймақ», «Таза өлке», «Таза аула», «Тазару күні», «Жасыл аула», Жалпықазақстандық ағаш отырғызу күні және «Мөлдір бұлақ» акциялары бар. Іс-шараларға 6,9 млн адам, оның ішінде 985 мың волонтер қатысты. Акциялар барысында 1,1 млн гектар аумақ тазартылып, 844 мың тонна қалдық жиналып, шығарылды. Сондай-ақ 1,3 млн-нан астам ағаш отырғызылды. Бастаманы ақпараттық ілгерілету аясында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 183 мыңнан астам материал жарияланды. Осы бағыттағы жоспар бойынша 223 іс-шара өткізіліп, жылдық жоспардың 61,3%-ы орындалды. Жыл соңына дейін тағы 141 іс-шара ұйымдастыру көзделген.
Биыл 19 қыркүйекте еліміздің барлық өңірінде өткен World Cleanup Day – Дүниежүзілік тазалық күні акциясына 513 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде мемлекеттік органдардың 140 мыңнан астам өкілі мен шамамен 82 мың волонтер болды. Қатысушылар саябақтарды, қоғамдық кеңістіктерді, орман алқаптарын, өзендер мен су айдындарының жағалауларын тазартты. Нәтижесінде шамамен 6 мың гектар аумақтан 12 мың тоннадан астам қалдық жиналып, шығарылды. Сонымен бірге 38 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Мемлекет басшысы да жастармен және экобелсенділермен бірге Астанадағы Президент саябағында ағаш отырғызуға қатысты.
Ғарыштық мониторинг арқылы анықталған 2 637 заңсыз қоқыс орнының 2 192-сі, яғни 83%-ы жойылды.
Тұрғындар өтініші және экологиялық тәрбие
Тұрғындар экологиялық мәселелер туралы TazaQazBot Telegram-боты арқылы хабарлай алады. Ол үшін мәселенің фотосуретін орналасқан жерін көрсете отырып жіберу жеткілікті. Сервис өтініштің орындалу барысын бақылауға және атқарылған жұмыс туралы фотоесеп алуға мүмкіндік береді.
Бот арқылы түсетін өтініштердің басым бөлігі аумақтарды тазалау, көшелерді абаттандыру, жолдарды жөндеу және тұрмыстық қоқысты шығару мәселелеріне қатысты. Жыл басынан бері 2 179 шағым түскен. Оның ішінде 2 020 өтініш бойынша жұмыс орындалып, 105 шағымның күші жойылған. Экологиялық тәрбие беру бағытында «Жасыл балабақша» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында экологиялық бағыттағы 295 мектепке дейінгі ұйым құрылып, 1 748 педагог арнайы бағдарламамен оқытылды. Орта білім беру ұйымдарында экологиялық тәрбиеге арналған 158 мыңнан астам сынып сағаты өткізілді.
Жолбарыс табиғи мекеніне оралды
Табиғатты қорғау саласындағы ауқымды жобалардың бірі – жолбарысты Қазақстандағы табиғи мекеніне қайтару.
Бұл бағыттағы Қазақстан-Ресей уағдаластығына 2010 жылы қол жеткізілген. Ал 2018 жылы бағдарламаның негізгі аумағы ретінде Алматы облысының Балқаш ауданында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Оның жалпы аумағы 450 мың гектардан асады. Резерватта тоғайлы ормандарды қалпына келтірумен қатар, жолбарысқа қорек болатын жануарлардың санын көбейту жұмыстары жүргізілді. 2018-2023 жылдары 205 Бұқар бұғысы әкелініп, барлығы табиғи ортаға жіберілді. 2022-2025 жылдары «Алтын-Емел» ұлттық паркінен 119 құлан көшірілді. Жануарларды бейімдеу және көбейту үшін арнайы қоршаулар салынып, автоматты суаттар орнатылды. 2024 жылы жолбарыстарға арналған жалпы аумағы 3,5 гектар болатын, алты бөліктен тұратын қоршау пайдалануға берілді.
2024 жылғы 21 қыркүйекте Нидерландтан екі Амур жолбарысы – бір аталық пен бір аналық әкелінді. Олар «Жолбарыс» қауымдастығы мамандарының бақылауына алынды.
Ресеймен бірлескен жұмыс аясында 2022 жылы меморандумға қол қойылып, кейін жолбарыстарды әкелуге дайындау және бастапқы бейімдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары келісілді. Адам мен жолбарыс арасындағы қақтығыстарға ден қоятын қазақстандық мамандар Ресейде арнайы оқудан өтіп жатыр. 2026 жылғы 8 мамырда Хабаровскіден Алматыға төрт Амур жолбарысы жеткізіліп, кейін тікұшақпен «Іле-Балқаш» резерватына тасымалданды. Олардың екеуі – 3,5 жастағы ересек жолбарыстар, қалған екеуі – алты айлық аландар. Жануарларға Амур, Үміт, Тұран және Уссури деген ат берілді. Жоба талаптарына сәйкес, ересек жолбарыстарды табиғи ортаға жіберер алдында олардың аң аулау дағдылары мен адамнан аулақ жүру қабілеті тексеріледі. Ал аландар 1,5-2 жасқа дейін бейімделіп, өз бетінше аң аулауға үйретіледі.2026 жылғы 31 шілдеде Үміт атты аналық жолбарыс табиғи ортаға жіберілді. Бұл 70 жылдан астам уақыттан кейін жүзеге асқан оқиға болды. Жолбарысқа спутниктік қарғыбау тағылып, оның қозғалысы мен табиғи ортадағы мінез-құлқы бақылауға алынды.
Алдағы кезеңдер жануарлардың бейімделу нәтижесіне және табиғи ортаның дайындығына қарай іске асырылады.
Қазақстанда Пржевальский жылқысы алғашқы рет құлындады
Жабайы табиғаттан 1960 жылдардың соңында толық жойылып кеткен Пржевальский жылқысын Орталық Қазақстан даласына қайтару жобасы да жалғасып жатыр. 2023 жылы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Прага хайуанаттар бағы арасында сирек жануарларды, ең алдымен Пржевальский жылқысын қорғау жөніндегі меморандумға қол қойылды. 2024 жылы Қазақстанға алғашқы жеті жылқы – бір айғыр мен алты бие әкелінді. 2025 жылы Прага хайуанаттар бағы мен «Хортобадь» ұлттық паркінен тағы жеті жылқы жеткізілді. 2026 жылы «Әліби» орталығына Прага хайуанаттар бағынан төрт айғыр және Берлиндегі Tierpark хайуанаттар бағынан төрт бие әкелінді.
Алғашқы топ 2025 жылғы 4 маусымда табиғи ортаға жіберілді. Оның құрамында Зорро атты айғыр мен бес бие болды. 2026 жылғы 25 мамырда Галван атты айғыр мен төрт бие еркіндікке жіберілді. Екі биеге спутниктік қарғыбау тағылды.
Биыл жобаның маңызды нәтижелерінің бірі тіркелді: Қазақстанда Пржевальский жылқысының алғашқы құлындары дүниеге келді. Бірінші құлын 22 тамызда, екіншісі 30 тамызда туған.
Жоба аясында тұрақты популяция қалыптастыру үшін 2029 жылға дейін 40 Пржевальский жылқысын әкелу жоспарланып отыр.
Ең оқылған:
- 1 қаңтардан бастап халыққа үй алуға 5 млн теңгеден беріледі: Кім ала алады?
- Трамп Зеленскийді Путинмен кездеспей-ақ Ресеймен келісімге келуге шақырды
- Тарақан толы үйде азық-түлік те, су да болмаған: Риддерде аш-жалаңаш отырған 4 бала отбасынан алынды
- – 10°С: Қазақстанның бірнеше өңірінде аяз болады
- «Сұйықтығы бар бөтелке лақтырған»: Астана – Алматы жолында бөтен көліктің әйнегін бүлдірген жүргізуші анықталды
Олжас АДАЙ