Солтүстік Қазақстан облысында орманнан саңырауқұлақ теремін деп жаңбыр астында қалып, адасып кеткен қарияны ұялы байланыс сигналы құтқарып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ТЖМ мамандарының сөзінше, таңертең СҚО Мағжан Жұмабаев атындағы ауданының Булаев ауылынан қарт ерлі-зайыптылар орманға саңырауқұлақ теруге шығып, 1949 жылы туған ер адам қалың бұтаға терең еніп, бағдарынан айырылған. Жаңбыр астында қалып, әбден тоңазыған әрі ұзақ уақыт бойы өздігінен жол таба алмаған ақсақал 112 нөміріне қоңырау шалып, құтқарушылардың көмегіне жүгінуге шешім қабылдаған.
Заманауи техниканың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, құтқарушылар өтініш берушінің орналасқан жерін ұялы телефон сигналы бойынша анықтап, жолға шыққан.

Координаттарды жүз метрге дейінгі дәлдікпен белгілегеннен кейін, ТЖМ қызметкерлері Пролетарка ауылынан 15 км қашықтықта атаны тауып, оны мазасызданған жұбайы отырған көлігіне апарып, ерлі-зайыптыларды елді мекенге дейін сүйемелдеді, - деп хабарлады ТЖМ.