Орман шаруашылығының автопаркі 50-ден астам арнайы техникамен толықты

1 Тамыз 2023, 02:19
593
Бөлісу:
Орман шаруашылығының автопаркі 50-ден астам арнайы техникамен толықты
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе облысының Орман шаруашылығының автопаркі 50-ден астам арнайы техникамен толықты, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Өңірде орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша шаралар қабылдануда. Биылғы жылы 51 бірлік жаңа техника, сондай-ақ 48 қосалқы агрегат сатып алынды. Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжанов жаңа арнайы техниканың кілттерін Орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлеріне тапсырды. Шараға сала ардагерлері, орман шаруашылығы қызметкерлері қатысты. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 5 жыл ішінде облыстың елді мекендерінде 60 миллион ағаш отырғызу бойынша тапсырды. Былтыр 11 млн көшет отырғызылды. Ал биылғы жылы шамамен 15 млн-ға жуық көшет отырғызу жоспарланған. Біздің алдымызға облыстың жасыл қорын көбейту ғана емес, сақтау міндеті де қойылды. Жасыл желектерді отырғызу, күтіп-баптау және өртке қарсы іс-шаралар жөніндегі мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында биыл облыстық бюджет қаражатынан 904 млн теңге бөлінді, - деді облыс әкімі салтанатты шарада. 

Бұл қаражатқа 24 трактор, автобус, шағын автобус, 25 ағаш отырғызу машинасы, сондай-ақ соқалар, қопсытқыштар және басқа да қосалқы агрегаттар сатып алынды. Техникалық база 56%-ға жаңарды. Жаңа техника Ақтөбе, Шалқар, Мәртөк, Темір, Қобда, Ойыл, Әйтеке би аудандарының орман шаруашылықтарына, сондай-ақ биыл Мұғалжар ауданында құрылған Орқаш орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне берілді. 

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының деректеріне сәйкес, өңірдің мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 217 848 гектар. Оның ішінде 51770 гектар жер орманмен қамтылған, бұл орман қорының жалпы көлемінің 23,8%.

Өзгелердің жаңалығы