Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысында фермерлер орман қоры жерлері құрамындағы ауыл шаруашылығы жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына ауыстыруды ұсынды.
«Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Жигули Дайрабаев Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысынан кейін фермерлерден біраз сұрақ келіп түскенін айтты.
Отырыстың күн тәртібіне бірнеше мәселе енгізуді ұсынды.
Бірінші, орман қоры жеріндегі шаруашылық жерлері мәселесі бойынша.
Орман қорының жерлері мемлекеттік меншікте. Өздеріңізге мәлім, Мемлекеттік орман қорын басқаруды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ведомстволық бағынысты орман шаруашылығы мекемелері жүзеге асырады. Жер реформасы жылдарында көптеген әкім келешекте жер дауларының туындауынан қорқақтап, кеңес дәуірі кезіндегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жерлерін орман қорына ауыстырып жіберген. Орман қорын басқаратын мемлекеттік мекемелер орман қорындағы ауыл шаруашылық жерлерін пайдалануды коммерцияға айналдырып алған. Ол жерлер нысаналы мақсатына сай пайдаланылмайды, - деді ол.
2020 жылы 1991 жылмен салыстырғанда орман қоры жерлері 12,2 млн гектарға ұлғайып, керісінше, ауыл шаруашылық жерлері 109,8 млн гектарға қысқарған. Қазіргі күні орман қоры жерлері 22,4 млн гектарды, ауыл шаруашылық жерлері 108,6 млн гектарды құрайды.
Орман қоры жерлері құрамында орман шаруашылығын жүргізуге берілген 6,8 млн га ауыл шаруашылығы жерлері бар. Оның негізгі бөлімі – жайылымдар, ол 6,5 млн га, - деп түсіндірді фермер.
Оның сөзінше, соңғы жылдары елді мекендердің төңірегінде жайылым жерлердің жетіспеушілігі байұалады.
«Ендеше неге орман қоры жерлері құрамындағы ауыл шаруашылығы жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына ауыстырмасқа» деп сұрақ қойды Жигули Дайрабаев.
Осы ретте ол мәселенің шешілу жолына да тоқталды.
Жерді бір санаттан басқа санатқа ауыстыруды ҚР Үкіметі, жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Осылайша әр облыс бойынша орман жерлерінің құрамындағы ауыл шаруашылығы жерлеріне толық түгендеу жүргізіп, олардың нақты көлемінің қандай мақсатта пайдаланып жатқанын анықтап, сол жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге ауыстыру жөніндегі тиісті нормативтік-құқықтық актілер қабылдау қажет, - деп түсіндірді фермер.
Бұл шара жайылым жерлердің жетіспеушілігі мәселесін шешуге септігін тигізеді.