Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен құрылған үкіметтік комиссия мүшелері Қордай ауданының Сортөбе ауылында жергілікті тұрғындармен кездесті.
Біз екі күннен бері осы жерде тұрақтылық орнату үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз. Соның арқасында өткен түнде ешқандай шу, төбелес болған жоқ. Бұдан бөлек облыс әкімімен бірге Қарасу, Ауқатты бекеттеріне барып, екі күн бұрын Қырғыз жеріне өтіп кеткен аудан тұрғындарының үйлеріне қайтып келе жатқандығын көрдік. Ол кісілерге мұнда ешқандай қауіп жоқ екенін айтып түсіндірдік. Сіздер де кетіп қалған жақындарыңызға осыны түсіндіріп айтыңыздар, – деді үкіметтік комиссияның төрағасы Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар ол қираған тұрғын үйлер мен сауда нүктелері қайта қалпына келтірілетінін айтты.
Біз барлық шығынды қалпына келтіреміз. Бұзылған үйлер мен сауда нүктелері қайта орнына келеді. Бүгінгі таңда барлық ауылдарда жұмысшы тобы, комиссиялар, сарапшылар жұмыс жасауда. Қандай шығын болды, қандай жұмыстар атқару керек, бәрін қарайтын боламыз, – деді Сапарбаев.
Айта кетейік, бүгін үкіметтік комиссия мүшелері қақтығыс кезінде қаза тапқан 82 жастағы қарияның жаназасына қатысты.