Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Facebook-тегі парақшасында қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына көңіл айтты.
Жамбыл облысында жергілікті тұрғындар арасында болған жанжал кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына көңіл айтамын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев түрлі қауесеттерге жол бермей, арнайы мәлімдеме жасады. Жағдайды бақылауына алды.
"Қордайдың тауы да алтын, тасы да алтын" деп жырлаған Кенен атамыздың құт-мекені – ежелден қазақ пен қырғызға, ағайын мен бауырға бірліктің ұясы іспеттес болған жер.
Елдің біртұтастығы қуаныш пен қайғыда көрінеді. Іргетасының өзі бірліктен қаланған мемлекетпіз. Алтау ала болған дәуірлерде ауызбіршіліктен айырылып, қиындықтарды да бастан өткергенбіз. Өткеннен сабақ алатын, тарихын ұмытпай, дәстүрін берік ұстайтын еліміз қандай қиындық болса да бірлік арқылы ғана жеңген. Сондықтан елді дүрліктірмей, ауызбіршіліктен болғанымыз абзал, - деп жазды Алтай Көлгінов.