Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысына келген бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев тілшілерге Қордай қақтығысынан кейін қанша адам ұсталғанын айтты.
Қордай оқиғасы бойынша, бес адам ұсталды. Оның ішінде екеуі бұзақылық жасап, қарт адамды ұрғаны үшін және полиция қызметкерлеріне бағынбағаны үшін ұсталды. Бұл БАҚ-та кеңінен жарияланды. Адам өлтіру, әдейі өрт қою фактілеріне қатысты тергеу жүріп жатыр. Әлі ешкімді ұстаған жоқпыз. Себебі онда іс материалдары көп, - дейді Болат Дембаев.
Оның айтуынша, бейнематериалдар қаралып жатыр, осыдан кейін ғана шешім қабылданады екен.
Айта кетейік, 2020 жылдың 7 ақпанында Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Масанчи ауылында жаппай төбелес болған еді. Ішкі істер министрлігі жаппай төбелеске 300-ге жуық адам қатысқанын айтты. Осы оқиғадан 11 адам көз жұмды, жүзден астам адам жарақат алды.
Мемлекет басшысы облыс әкімін ауыстырды.