Қазақстандағы бірқатар ақпарат құралдарына қатысты сот процестері қоғам назарын аударуда. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл жағдайларды, соның ішінде Orda.kz пен ҚазТАГ агенттігіне қатысты істерді ерекше бақылап отырғанын хабарлады. Бұл туралы министр Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, елде сөз бостандығының сақталуы және медиа ұйымдардың заң аясында жұмыс істеуі – басты қағидаттардың бірі. Министрлік кәсіби журналистердің қызметі тексерілген ақпаратқа, объективтілікке және адалдыққа негізделуі тиіс екенін атап өтті.
Медиа саласындағы мұндай даулар ақпарат еркіндігі мен журналистердің құқықтық қорғалуына қатысты алаңдаушылық тудырады. Министрлік кәсіби журналистер заң талаптарын бұзбаған жағдайда, мемлекет олардың құқығын толық қорғауға дайын, - деп жазды Аида Балаева.
Сонымен бірге, шенеуніктер тараптар арасындағы дау сотқа өткен кезде мемлекеттік орган араласуы қысым ретінде қабылдануы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан министрлік қылмыстық және әкімшілік істердің барынша ашық, объективті қаралуы керек деген ұстанымда.
Қорытындылай келе, Мәдениет және ақпарат министрлігі өз құзыреті шегінде журналистердің құқықтарын қорғауға және дау процестерінің әділ өтуін қамтамасыз етуге әзір екенін мәлімдеді.