Ораза ұстаған адам арықтай ма? – дәрігер пікір білдірді

Бүгiн, 12:43
3846
Бөлісу:
Ораза ұстаған адам арықтай ма? – дәрігер пікір білдірді
Фото: kazislam.kz

Оразаның денсаулыққа қандай пайдасы барын және 30 күнде адам ағзасында қандай өзгерістер болатынын дәрігерлерден сұрадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

“Оразада асқазан демалады”

Ас қорыту жүйесінің ауруларын емдейтін дәрігер оразаның адам денсаулығына пайдасын асқазаннан бастады.

Біз тамақ ішкен сайын асқазан, бауыр, ұйқы безі және ішектер үзіліссіз жұмыс істейді. Ораза кезінде олар уақытша демалады. Бұл асқазанның қышқыл бөлуін реттейді, ішек микрофлорасын жақсартады, бауырдың токсиндерді шығару қабілетін арттырады, - деді ол.

Сондай-ақ дәрігер ораза кезінде ағзадағы қант пен инсулин деңгейі тұрақталатынын айтты.

Тамақ ішпеген кезде ағза қордағы глюкозаны пайдаланады, ал инсулин деңгейі төмендейді. Бұл процесс ұйқы безіне демалыс беріп, қант диабетінің алдын алуға көмектеседі, - дейді маман.

Нұргүл Оспанова ауыз бекітудің салмақты реттеуге де септігі барын жеткізді.

Ашыққан кезде ағза энергия алу үшін бірінші көмірсуларды, содан кейін май қорын ыдырата бастайды. Яғни зат алмасу жақсарып, арықтай аласыз. Сонымен бірге, ораза кезінде ағза зақымдалған жасушаларды жою процесін бастайды. Бұл аутофагия деп аталады. Ол онкологияның, Альцгеймердің және басқа да созылмалы аурулардың алдын алады деуге толық негіз бар, - деді дәрігер.

Алайда Нұргүл Оспанова әр адамның ағзасы әртүрлі екенін ескертті.

Ораза ұстау кейбір адамдарға ауыр болуы мүмкін. Мысалы қант диабеті, асқазан жарасы, гипотония, бүйрек аурулары бар адамдар, жүкті және емізулі әйелдер, ауыр физикалық жұмыс жасайтындарға оразаның оң әсерінен гөрі кері әсері көбірек тиюі мүмкін, - деді ол.

 

30 күнде ағзада қандай өзгеріс болады?

Нутрициолог Әйгерім Қалменова адам ағзасы 30 күн оразада біртіндеп қандай өзгерістерден өткенін айтып берді. Маман 30 күн оразаны 3 онкүндікке бөлді.

Бірінші онкүндікте қандағы қанттың деңгейі төмендейді. Бұл кезде адамда интоксикация болуы мүмкін. Жаңағы үйренбегендіктен бас айналады, кішкене әлсіздік, шаршаңқылық болады. Ол ағзадағы қант деңгейі төмендеуімен байланысты, - деді ол.

Нутрициолог ағзада қант деңгейі түсіп кеткен кезде бауырдағы қордан глюкоза бөлініп отыратынын түсіндірді.

Қалыпты жағдайда бауырда гликогеннің қоры болады. Мысалы артық глюкозаны, яғни қантты жейтін болсақ, олардың бәрі бауырға барып, сол жерде жинала береді. Егер ағзада қант мөлшері тым көп болса, бауырды май басады. Оны медицинада май гепатозы деп атайды. Адамда май гепатозы жоқ болса да, аштық кезінде өліп кетпес үшін жасалған гликогеннің қоры болады. Бірінші он күнде қалыпты дәрежедегі адамда глюкозаның қоры бітеді, - деді ол.

Әйгерім Қалменова екінші онкүндікте ағза майды жаға бастайтынын айтты.

Осы кезде артық салмақ, май гипотозы кімде бар, сол майлардан энергия ала бастаймыз. Майлар жағылып, глюкозаға айналып, жаңағы адамның ағзасының жұмысы қалыпты түрде жүре береді. Бұл кезде қан қысымы түседі, холестерин төмендейді. Ағзада жасушалар жаңара бастайды. Адам өзін жақсы сезіне бастайды, - деді нутрициолог.

Ол оразаның үшінші онкүндігі ағзаға детокс процесі сияқты әсер ететінін жеткізді.

Үшінші кезеңде бізде детокс процесі жүре бастайды. Артық токсиндер, шлактар, паразиттер ағзадан шыға бастайды. Біз тамақ жемеген кезде ағзамызда өмір сүріп жатқан паразиттер өле бастайды, лимфа айналымы жүреді, - деді Қалменова.

Нутрициолог осы кезде дұрыс тамақтану өте маңызды екенін атады.

Қалай болса солай тамақтанатын болсақ, ауызашар мен сәрісінде артық жеп қоятын болсақ, ағзамызға зиян жасаймыз. Сондықтан дұрыс тамақтану ораза кезінде де маңызды. Ауызды бір құрамамен, сумен ашқаннан кейін көкөністер жейміз. Содан кейін барып ыстық сорпа болса жақсы, ағзаны жылытады. Содан кейін екіншіге көшеміз, - деді ол.

Әйгерім Қалменова шайды ауызашардан кейін 1-2 сағат өткен соң жемістермен ішуге болатынын айтты.

Жалпы 30 күн ораза кезінде ағза жаңарып, тағы бір жыл жұмыс істеуге дайын болады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы