Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ертең Ораза айт мерекесі – қасиетті Рамазан айының аяқталатын күні. Бұл жұртшылық үшін үлкен маңызға ие. Биыл Ораза айт намазы 13 мамыр күні таңғы сағат 7:00-де Нұр-Сұлтан қаласы мешіттерінің аумағында карантин шараларын сақтай отырып, ашық аспан астында өткізіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті шектеу сипатындағы барлық шараларды ескеруді және сақтауды, атап айтқанда, бетперде тағуды, намаздан кейін қол алыспауды, намаз аяқталғаннан кейін бірден мешіттің аумағын босатуды, ұжымдық намазға кәмелетке толмағандарды әкелмеуді, ЖРВИ белгілерімен намазға барудан бас тартуды ұсынады. Қауіпті вирустық ауру пандемиясы бәрінің денсаулығына қауіп төндіруде.
Елордада COVID-19 індеті бойынша эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Қала екі айдан бері қызыл аймақта орналасқан. Күніне 250-ден 450-ге дейін жағдай тіркелуде. Елорда тұрғындары мен қонақтары мереке күндері түсіністікпен қарап, карантин режимін қатаң сақтауды сұраймыз.
Пандемия кезінде әлеуметтік қашықтықты сақтау өте маңызды. Ораза айт мерекесінің мән-мағынасы – халықтың бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттыру. Сондықтан тиісті ұсыныстарды толығымен орындауға және пандемиямен күресте жауапкершілік пен бірлікті көрсетуге шақырамыз.