«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры, еңбек сіңірген энергетик Жақып Хайрушев елдегі жылу желілері жайлы айтып өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Елімізде соңғы жылдары жаңа жылу электр станциясы салынбады. Ескілері жыл өткен сайын жаңармайтыны сөзсіз. Жабдықтың физикалық және моральдық тозуы технологиялық бұзушылықтардың, жазатайым оқиғалардың туындауына, сондай-ақ пайдалану шығындарының өсуіне себеп болуы мүмкін. Бұрындары тарифтер электр желілерін қайта құру мен жаңғырту мүмкіндік бермеді. Бұл үшін қомақты қаражат салу керек болды. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы өзі жеке тапсырма беріп, билік өз бақылауына алды. Алдағы уақытта жылу желілерінің тозу деңгейі төмендеп, жаңа электр станциялары салынады деген үміттемін. Осы ретте тағы бір айта кететін жайт, көп қабатты тұрғын үйдің иелері қысқы дайындықты күзде тексерістен өткізсе. Мәселен, Степногорск қаласындағы жарылысқа КСК-нің жауапсыздығынан болды. Алдын ала ТЖД мамандары қысқа дайындықты тексерістен өткізсе, бұндай жағдай орын алмас па еді? Сол себептен күзде жылу желілеріне назар аударып, қауіпсіздік шараларының алдын алу қажет, – деді энергетик.
Жақып Хайрушевтің айтуынша, құрамына Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары кіретін батыс өңірдің Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен электр байланысы жоқ. Осыған байланысты тапшылық туындаған жағдайда өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігі Ресейден импорт есебінен қамтылады.
Қазіргі жағдайда Орал ГТЭС-200 кәсіпорнының одан әрі жұмыс істеуіне қауіп төніп тұрғанына алаңдаушылық бар. Станция құрылғанынан бастап батыс өңірді барынша электр энергиясымен қамтамасыз етті және электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен Ресей Федерациясының электр жүйесінен тәуелсіздігін сақтап қалды, - деді Жақып Хайрушев.
Спикер Ұлттық палата Энергетика министрлігіне мәселені шешуде «Батыс Пауэр» ЖШС-ға көмек көрсетуді ұсынғанын айтты. Нәтижесінде Энергетика министрлігі ұсыныспен келісіп, тарифті қолайлы деңгейде бекіткен.