Оралда "түнгі сот" өзінің тиімділігін көрсетті

12 Ақпан 2019, 11:17
2338
Бөлісу:
Оралда "түнгі сот" өзінің тиімділігін көрсетті

Астана.  BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған әкімшілік сотында "түнгі сот" жобасының енгізілуіне байланысты жалпы тәртіппен қаралатын әкімшілік істердің саны азайып, судьялардың жүктемесі де кеміді. Бұл туралы Жоғарғы соттың ресми сайты хабарлады.

Мұның өзі күрделі істердің қаралу сапасының артуына ықпал етті.

"Сот 18 сағаттан 22 сағатқа дейін негізінен азаматтар үшін жұмыс істейді. Осыған орай күні бойғы жоспарды бұзып, жұмыстан сұранудың да, артық алаңдаудың да қажеті жоқ. Бұған қоса, істер бұрынғы 72 күннің орнына 3 күннің ішінде қысқа мерзімде қаралады", - делінген таратылған хабарламада.

Мәселен, "түнгі сот" 2018 жылдың 6 айы ішінде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 415 істі қарады. Осы ретте бірде бір сот актісіне шағым берілген жоқ.  Желтоқсан айының 20 күні ішінде сот 62 істі қарап шықса, 2019 жылдың басынан бері 31 іс қаралды.

Осы көрсеткіште жобаның қажеттілігін көрсетіп отыр. Әдетте, құқық бұзушылықтардың көпшілігі, оның ішінде жол-көлік оқиғалары кешкілік уақытта орын алады. "Түнгі сот" жағдайында оқиғалардың салдарын барынша қысқа мерзімнің ішінде жоюға мүмкіндік бар. Сонымен қатар, зақымдалған автокөлік үшін сақтандыру төлемдерін алу рәсімі де оңайлана түсті.

Сотқа ЖКО-мен қатар отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар, ұсақ бұзақылық, ұрып-соғу, сот актілерін орындамау және көші-қон заңнамасын бұзу туралы істер бойынша да материалдар түседі. Міне осының бәрі "түнгі соттың" қазіргі жағдайда тиімді екенін және азаматтардың істерді қарауға өздері үшін қолайлы уақытта қатыса алатынын көрсетіп беріп отыр.

Өзгелердің жаңалығы