Оралда 5 мектепке су жаңа автобус табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Олар 12, 38, 32, 14, 20 мектептерге берілді. Заманауи автобустарда қауіпсіздікке айрықша назар аударылған. Көлік есігі ашық тұрғанда қозғалысты тежейтін механизмі бар. Тіпті ішіне бейнебақылау камерасы орнатылып, сөмкелерді қоятын сөрелер мен қауіпсіздік белдіктері қарастырылған. Осылайша шаһарда жалпы саны 2700 оқушы сабаққа арнайы автобуспен барып оқитын болады. Ата-аналар өтініші бойынша Желаев кентіндегі 14 мектеп те көлігі бар білім ордалары санатына қосылып отыр. Себебі балалар мектепке қатынау үшін темір жол өткелін кесіп өтеді. Оқушылар өміріне осы қолайсыздықтың қауіптілігін ескерген әкімдік аталмыш білім ошағын тізімге енгізген.
Қаламыздағы барлық мектептерде қауіпсіздікті сақтау бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Арнайы турникеттер, дабыл қондырғыларын жедел басқару орталығымен байланыстыру, бейнебақылау камераларын орнату ісі толық атқарылды. Біраз жылдан бері күн тәртібінде тұрған мектеп автобустарын жаңарту мәселесіне республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, шешімін тауып келеді. Жаңа көліктеріңіз құтты болсын! – деді кездесуде сөз алған Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов.
Шаһар мектептерінде 60 мыңдай оқушы білім алады. 3000-ға тарта бала арнайы автобус тасымалы қызметін пайдаланады.
Заманауи автобустар бұған дейін облыс аудандарындағы білім ордаларына алынған еді. Сонымен қатар 18, 22, 30, 48 мектептерде мердігерлер арқылы оқушылар тасымалы жолға қойылған.