Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев Ливандағы Қазақстан бітімгершілерінің жағдайын сұрады.
«Қазақстанның бітімгершілік контингентінің Ливанға жіберілуі еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне қатысуының маңызды қорытындысының бірі саналады. Осы Таяу Шығыс еліндегі біздің бітімгершілік күштеріміз үндістандық батальонның құрамында екені өздеріңізге белгілі. Осыған орай, менің сұрағым, әскери қызметшілеріміздің осы елдегі бейімделуі қалай өтті және қазіргі кезде Ливанда біздің офицерлер мен сержанттарға қандай бітімгершілік функциялар жүктелген?», - деп сұрады Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев.
Бұл сұраққа Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров жауап берді.
«Елбасы, Жоғарғы Бас қолбасшымыздың тапсырмасына сәйкес, парламент шешімінің негізінде қазіргі уақытта біздің бітімгершілік рота Ливандағы БҰҰ миссиясында өзінің мандатпен жүктелген қызметін абыроймен атқаруда. Бейімделу процесі біз жоспарлағандай өте қысқа уақытта жоғары деңгейде өтіп, қазіргі уақытта аяқталды. Қазір біздің бітімгершілер өздеріне жүктелген міндеттерін толық жауапкершілікпен атқаруда. Нақты айтсақ, біріншіден, оларға жауапкершілік аумағында патрульдеу, бақылау жүргізу, блок-постарды күзету, ол жердегі күзетті күшейту, жергілікті тұрғындардан тиісті ақпарат жинап, талдау жүргізу жүктелген. Олар көгілдір линияның бойында - сол жауапкершілік аумақта барлық қал-жағдайды біліп, бақылап, талдап, дер кезінде БҰҰ миссиясының басшылығына және БҰҰ хатшылығына баяндама жасап тұрады», - деді Талғат Мұхтаров.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан бітімгершілері барлық керекті мүлікпен, қару-жарақпен, басқа да тылдық заттармен толық қамтамасыз етілген. Олар Үндістан батальонымен, жергілікті тұрғындармен, сонымен қатар Ливан Қарулы күштерінің өкілдерімен жақсы деңгейде қарым-қатынас құрған. Ел бітімгершілерін миссия басшылығы мен Үндістан батальонының командирлері өте жоғары бағалап отыр.