Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан қорғаныс министрлігі 2020 жылдан бастап арнайы мақсаттағы геоақпараттық тұғырнама жобасын шығарады, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл сандық картографикалық, аэроғарыштық түсірілім деректері, экономика салалары бойынша аумақтың жедел жабдықтары мен жұмылдыру ресурстарының инфрақұрылымдық мәліметтері, террористік тұрғыдан осал объектілерді төлқұжаттау жөніндегі материалдары жинақталған геокеңістік ақпарат банкі.
Тұғырнама командирлерді барлық дәрежедегі объективті және жедел ақпаратпен қамтамасыз етеді, ал жергілікті жер туралы деректерді жинау уақытын қысқарту, бағалау және әскерлерге жеткізу есебінен шешімдердің жеделдігін арттырады. Жауынгерлік іс-қимылдар кезінде бұл әскерлер үшін маңызды артықшылық, - делінген хабарламада.
"Сандық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында әзірленген жоба - сандық армия форматына көшудің қажетті шарты. Қазіргі жағдайда әлемнің көптеген елдері нақты уақыт режимінде мақсаттарды анықтайтын, ақпарат алмасуды, мақсат қоюды, бұйрық беруді жүргізуге, әскерлерді бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай басқару жүйесін "айқастың электрондық алаңын" құру бойынша белсенді жұмыс істейді.
ҚР ҚК Бас штабының геоақпараттық қамтамасыз ету департаменті мемлекеттік әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындайтын басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдармен таныстыру жиындарын өткізді.