«Оқушыны қағып кетті»: Елордада наразы ата-аналар көшені жапты

19 Желтоқсан 2022, 22:29
1456
Бөлісу:
«Оқушыны қағып кетті»: Елордада наразы ата-аналар көшені жапты

Елордадағы №38 көшенің маңында бір топ ата-ана наразылыққа шығып, жолды жапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әлеуметтік желілерде таралып жатқан бейнежазбаларға сүйенсек, сол жағалауда орналасқан көше бойындағы BINOM мектебінің маңында бір оқушыны көлік қағып кеткен. 

Ата-аналардың айтуынша, көше тас қараңғы, жарық тартылмаған. 

Мектептің қасындағы көшеде бір жыл бойы аялдама да, жарық та жоқ. Жол бойында тұрған балалар қараңғыда көрінбейді. Жарты сағатта бір келетін 28 автобусты балалар бүрсең-бүрсең қағып күтіп тұрады. Оларға қарап қарадай жаның ашиды. Мен өзім бірнеше рет 109-ға хабарласып, аялдама мен жарық керек екенін айтқанмын. Жақында ғана аялдама қойылды, бірақ есігі жабық. Ол не үшін тұрғаны белгісіз, - деді баласы BINOM оқу ордасында оқитын ата-аналардың бірі. 

Бастамашыл топ бұған дейін бұл көшеде мұғалімді көлік қағып, мерт болғанын алға тартты. Алайда өкінішке қарай, ешқандай шара қолданылмаған. 

Есіл ауданы, қаланың сол жақ жағалауы. Бұл көшеде «Саранда» тұрғынүй кешені бар. Мен өзім бірнеше рет сол жерде бағдаршам істемей тұрғанын көрдім. Ондай кезде мүлдем қорқынышты. Тас қараңғы көше. Балалар балалығын жасап жүгіріп өтіп жатты. Бұл деген бала өмірі үшін үлкен қауіп-қатер, - дейді қала тұрғыны. 

Істің мән-жайын анықтамақ болып  сұрастырғанымызда, әзірге қала әкімшілігі мен білім басқармасы да, тіпті Оқу-ағарту министрлігі де бұл істен бейхабар болып шықты. 

Өзгелердің жаңалығы