Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Оқушыларға арналған "Болашақ прокурорлар клубы" ашылды

Бүгiн, 20:48
189
Бөлісу:
 gov.kz
Фото: gov.kz

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында елорданың 17 мектебінде Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурорлар клубы» ашылды. Клубтың ашылу салтанаты №73 физика-техникалық лицейінде өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева, Сарайшық ауданы прокурорының орынбасары Бауыржан Асқаров, мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов және мектеп директорлары, сала мамандары қатысты.

Бұл бастаманы Бас прокуратураның «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі мемлекеттік тұжырымдамасы аясында Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурорлар клубы» жүзеге асырылды. Бұл ретте Сарайшық аудандық прокуратурасы ауданға қарасты 17 мектептен іріктелген оқушылар клуб мүшесі болып сайланды. Бұл – өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Жобаның негізгі мақсаты – оқушылардың заңға деген құрметін қалыптастыру, құқықтық білімін тереңдету және оларды тәртіпті, саналы азамат етіп тәрбиелеу. Айта кету керек, «Болашақ прокурорлар клубына» 7-11-сынып оқушылары қатысады. Сонымен қатар бұл болашақ мамандықты ұтымды таңдауға бағытталған мүмкіндік алаңы болып саналады, – деді №73 физика-техникалық лицейінің директоры Гүлшат Калтаева.

Іс-шара барысында «Болашақ прокурорлар клубына мүше» оқушылар салтанатты түрде ұлықталды.

Бүгін біз тек бір клубтың ашылуына емес, заң мен әділдікке адал болуды мақсат еткен жас буынның жауапты таңдауына куә болып отырмыз. Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурорлар клубы» еліміздің ертеңі – әділетті, саналы, заңға құрметпен қарайтын азаматтарды тәрбиелеуге қызмет етеді деп сенеміз, – деді Сарайшық ауданы прокурорының орынбасары Бауыржан Асқаров.

Мамандардың сөзінше, «Болашақ прокурорлар клубының» жұмысы тек мектеппен шектелмейді, бұл – бүгінгі оқушы мен ертеңгі заңгер арасындағы алтын көпір.

Іс-шара барысында №73 мектеп-лицейі мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында ынтымақтастық меморандумы жасалды.

Өзгелердің жаңалығы