Мектепте оқушылардың ұялы телефонды қолдану немесе оған тыйым салу шешімін білім ордасының қамқоршылық кеңесі шешеді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде оқушылардың сабақ кезінде гаджеттерді ұстауына қатысты жауап берген Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов осылай мәлімдеді.
Өздеріңіз білетіндей, бізде тыйым салу деген оңай. Бірақ тыйыммен барлық мәселе шешілмейді. Ол мұғалім болғаннан кейін балалармен тиісті жұмыс жүргізуі керек. Сонымен қатар, біз барлық мектептерге арнайы құзірет бердік. Ол қандай құзірет ? Әр мектеп өзінің ішкі ережелерін өздері қабылдайды. Соның ішінде телефон қолдану тәртібін де бекітуге болады. Кейбір мектептерде сабақ басталған уақытта балалар телефондарын тиісті жерге қойып қояды. Ал енді кейбір мектептерде кіреберісте арнайы жәшікке қалдырып кетеді телефондарын. Ол бірінші кезекте мектептің қомқоршылық кеңесі мен педагогикалық кеңесінің құзыретінде, – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.